Шымкентте экономиканың негізгі салаларында даму байқалып келеді

Опубликовано:

Заседание правительства
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкент қаласында биылғы жылдың алғашқы 7 айында экономиканың барлық негізгі саласында өсім байқалып отыр.

Бұл туралы Қазақстанның қаңтар-шілде айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын қарауға арналған үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді.

Шымкент қаласының әкімдігі
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Атап айтқанда, қала экономикасына тартылған тікелей инвестицияның мөлшері жылдан жылға артып келеді. Биылғы жылдың алғашқы 7 айының қорытындысы бойынша Шымкент қаласының экономикасына 219,1 млрд теңге инвестиция құйылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 28,6 пайызға артқанын байқауға болады. Инвестицияның басым бөлігі жеке инвесторлардың қаржысы екенін атап өткен жөн. Нақтырақ айтар болсақ, мемлекеттік бюджеттен 52,6 млрд теңге, ал, жеке көздерден 166,5 млрд теңге инвестиция тартылып отыр.

Шымкент қаласының әкімдігі
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Ресми деректерге сүйенетін болсақ, инвестицияның үлкен бөлігі негізінен 2 салаға бағытталып отыр екен. Олар – өнеркәсіп және құрылыс салалары. Соның нәтижесінде қос салада да қарқынды даму байқалып отыр. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы 7 айында Шымкенттегі өндіріс орындары 507,5 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімін өндірген. Нақты көлем индексі 108,4 пайызды құрады. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінде нақты көлем индексі 109,6 пайыз болып отыр. Яғни, өсім 9,6 пайызға тең.

Шымкент қаласының әкімдігі
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Бүгінде Шымкент қаласында құрылыс жұмыстары да қарқынды түрде жүріп жатыр. Есепті мерзімде бұл сектордағы атқарылған жұмыстарының көлемі 76,7 млрд теңгеге жеткен. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20,5 пайыздық өсім байқалған.

Жұмыс өнімді жерде оның нәтижесі де жақсы болатыны белгілі. Жыл басынан бері 7 айдың ішінде Шымкентте 371,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылғы осы кезеңдегі көрсеткіштен 15 пайызға көп.

Шымкент қаласының әкімдігі
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкенттің ірі сауда-экономикалық орталыққа айналып келе жатқанын жалпы сауда көлеміне қарап та аңғару қиын емес. Қаңтар-шілде айларында бұл көрсеткіш 946,1 млрд теңге болып, нақты көлем индексі 109,8 пайызды құраған. Көлік және логистика саласында 158,5 млрд теңгенің қызметі көрсетіліп, өсім 7,2 пайызды құраса, байланыс қызметінің жалпы көлемі 4,8 млрд теңгеге жеткен. Бұл бағыттағы өсім 4,7 пайызға тең екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1983441-symkentte-ekonomikanyn-negizgi-salalarynda-damu-baiqalyp-keledi/