Берік Әбдіғалиұлы Тоқаевқа Ұлытау облысын дамытудың кешенді жоспарын ұсынды
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлын қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Кездеу барысында Берік Әбдіғалиұлы президенттің Ұлытау облысына жасаған сапарының қорытындылары негізінде әзірленген аймақты әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын ұсынды.
Президенттің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Ұлытау өңірінің экономикасын әртараптандыруға бағытталған маңызды құжат 240-тан астам іс-шараны қамтиды. Олар әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымды дамытуды және өңірдегі ең өзекті мәселелерді шешуді көздейді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа таныстырылған кешенді жоспарда инвесторлар тарту, қатты күйінде келетін пайдалы қазбалар өндірісін кеңейту, жаңа кен орындарын игеру, геологиялық кластер құру мен оны дамыту мәселелері қарастырылған. Бұдан бөлек, жаңадан ет өңдейтін кешен, құс фабрикасы мен жылыжайлар салу жоспарланған.
Сонымен қатар облыста келесі жылы жалға және несиеге берілетін 132,8 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы, көпсалалы аурухананы жаңғырту, онкологиялық диспансер мен Жезқазған қаласында заманауи "Ана мен бала" орталығын ашу жұмыстары жүргізіліп, Ұлытау ауданында аурухана салынады. Сондай-ақ әрбір аудан орталығы мен ауылдарда 26 медицина мекемесі ашылады.
Президент қабылдауында Берік Әбдіғалиұлы мәдени-ағарту нысандарын жөндеу және қайта құру туралы да айтқан. Онда аймақ басшысы "Жайлы мектеп" ұлттық пилоттық жобасы аясында 11 орта мектеп пен 8 балабақша салу көзделгенін атап өткен.
Сонымен бірге мемлекет басшысына баяндалған өзекті мәселелердің тағы бірі – облысты ауыз сумен және сапалы жолдармен қамтамасыз ету. Қалалар мен ауылдарды сумен жабдықтау жұмыстары мен су бұру жүйелері қайта жаңғыртылады. Одан бөлек облыстық маңызы бар 289,5 шақырым жолды, аудандық маңызы бар 112,5 шақырым жолды жөндеу мен қалпына келтіру жоспарланған.
Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, аталған іс-шараларды жүзеге асыру барысында 10 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.
Ақорданың хабарлауынша, кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдап, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп орындауды тапсырған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1983586-berik-abdigaliulyn-toqaevqa-ulytau-oblysyn-damytudyn-kesendi-zosparyn-usyndy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.