Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы: Президент биыл бірден 7 жылдық мерзімге сайланғаны дұрыс болар еді

Опубликовано:

"Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы мүшелері
Фото: "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы

Парламент мәжілісіндегі "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобының мүшелері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын талқылады. Депутаттар ел президентін қайта сайлану құқығынсыз жеті жылдық бір мерзімге сайлау бастамасын қолдап, Конституцияға өзгеріс енгізуді ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Биыл елімізде конституциялық реформа қолға алынды. Жаңа, Әділетті Қазақстан құрамыз, "Екінші республика" моделіне көшеміз деп жарияладық. Мемлекеттік жүйені, соның ішінде мемлекет басқару ісін жаңғырту қажет екені даусыз. Яғни, бұл – демократиялық басқару моделіне көшуге жол ашатын бастама. Сондықтан, қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық бір мерзімді енгізу дұрыс бастама. Ешкім президент билігін ұзақ жылдар бойы иемденбейді. Бұл еліміздің суперпрезиденттік биліктен толық кеткенімізді бекіте түседі", - деп атап өткен депутаттық топ мүшелері.

Олардың сөзінше, қазір әлемдегі кейбір елдерде мемлекет басшысының өкілеттігін ұзарту бойынша бастамалар көтеріліп жатқан тұста, керісінше президент өкілеттігін қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық бір мерзіммен шектеу – еліміздің демократиялық бағытты берік ұстанғанын көрсетеді.

"Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы мүшелері
Фото: "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы

"Жаңа Қазақстан" тобы егер президент кезектен тыс сайлауда 5 жылға сайланып, содан соң 7 жылдық мерзімді енгізетін болса, онда қазіргі президенттің үшінші мерзімге сайлануына құқықтық негіздер пайда болуы мүмкін деген әртүрлі алып-қашпа пікір айтылып жатқанына тоқталды.

"Сондықтан қазіргі президент 5 жылдан кейін тағы да 7 жылға баруы мүмкін деген күмәнді сейілту үшін биыл бірден 7 жылдық мерзімге сайланғаны дұрыс болар еді деп ойлаймыз. Сонда аталған құқықтық коллизия туындамайды.

Оның үстіне, мемлекет басшысы кезектен тыс сайлау өткізбей, екі мерзімге сайланса да, биыл кезектен тыс сайлауда 7 жылға сайланса да, оның өкілеттік мерзімі 2029 жылы аяқталады. Яғни қазіргі президент мерзімінің ұзақтығы өзгеріссіз қалады.

Біз бұрынғы жүйені қалыптастырған саяси күштердің, ықпалды топ өкілдерінің билікке ұмтылып отырғанын ұмытпауымыз қажет. Президенттің қазір сайлау өткізіп және жеті жыл мерзімге сайлануы мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ол жаңа инклюзивті азаматтық қоғам құруға мүмкіндік алады", - дейді депутаттар.

Осы жағдайлардың бәрін ескере отырып, "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы өкілдері бірқатар мәлімдеме жасады.

"Біріншіден, біз Қазақстан республикасы президентін жеті жылға бір мерзімге сайлау бастамасын қолдаймыз.

Екіншіден, Конституцияға өзгерістерді қазір енгізіп, президент сайлауын жаңа талаптарға сәйкес осы жылдың күзінде өткізу қажет деп санаймыз.

Жалпы, бұл мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, елімізді орнықты дамытуға жол ашатын маңызды қадам", - деп мәлімдеді депутаттық топ мүшелері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1985992-zana-qazaqstan-deputattyq-toby-prezident-biyl-birden-7-zyldyq-merzimge-sailangany-durys-bolar-edi/

pixel