Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Рим Папасына: Сіз Қазақстанға адамзат тарихындағы бетбұрыс кезеңінде келдіңіз

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Рим Папасы Франциск азаматтық қоғам және дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Мемлекет басшысы мен Рим Папасы келіссөз жүргізгеннен кейін "Қазақстан" орталық концерт залында азаматтық қоғам және дипломатиялық корпус өкілдерімен бірлескен кездесу өткізді.

Мемлекетіміздің басшысы бүгін еліміз үшін тарихи күн екенін атап өтті.

"Рим Папасы Франциск Қазақстанға алғаш рет апостолдық сапармен келді. Биыл Қазақстан мен Ватикан арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толды. Сіздің сапарыңыз осы мерейлі межеге тұспа-тұс келіп отыр. Біз бұл сапарға айрықша мән береміз. Себебі бүгінгі кездесу біздің түрлі саладағы ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтереді", – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев адамзаттың игілігі жолындағы Понтификтің қажырлы және табанды күш-жігерін қолдады.

"Сіз Қазақстанға адамзат тарихындағы бетбұрыс кезеңінде келдіңіз. Түрлі мәдениеттер мен діндер өкілдерінің бейбітшілік, әлеуметтік үйлесімділік және өзара қолдау көрсету жолында адамдарды біріктіру үшін даналық пен күш-қуат көрсететін уақыты жетті деп ойлаймын", – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан президенті тәуелсіздіктің 30 жылында еліміз "Бірлігіміз – әралуандықта" қағидатына негізделген өзіндік этносаралық және дінаралық келісім моделін қалыптастырғанын атап өтті.

"Бүгінде Орталық Азия елдері арасында католик қауымының ең көп өкілі Қазақстанда тұрады. Христиандар басқа діндарлармен бірге төзімділік пен өзара құрмет үстемдік ететін Әділетті Қазақстанды құруға зор үлес қосып келеді", – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізу Қазақстанның әлемдегі келісім мен диалогты қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерінің бір көрінісі екеніне назар аударды.

"Съезд алғаш рет 2003 жылы шақырылған уақыттан бері адамдардың әралуандығына қарамастан оларды жақындастырудың жақсы үлгісіне айналды. Тек диалог, адамдардың бауырмалдығы мен сыйластығы ғана бірге бейбіт өмір сүруге және толеранттыққа жол ашатынына кәміл сенемін. Осы ретте мен Қасиетті Тақтың Съезд жұмысына өлшеусіз үлес қосып, кең қолдау көрсеткенін жоғары бағалаймын", – деді мемлекет басшысы.

Президент сөзін қорытындылай келе, Съезге католик шіркеуі басшысының қатысуы шараның табысты өтуіне ықпал етіп, бүкіл әлемдегі католиктердің жүрегіне қуаныш пен шаттық ұялататынына сенім білдірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1987598-toqaev-rim-papasyna-siz-qazaqstanga-adamzat-tarixyndagy-betburys-kezeninde-keldiniz/

pixel