Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Рим Папасы: Қазақстандағы халықтар бірлесе, адам айтса нанғысыз ынтымақтастық орнатқан

Опубликовано:

Рим Папасы мен Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: akorda.kz

13 қыркүйекте Рим Папасы Франциск Қазақстанға келіп, азаматтық қоғам және дипломатиялық корпус өкілдерімен болған жиында сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Ол ежелгі қазақ жеріне жасаған апостолдық сапарына көңілі толатынын жеткізді. Понтификтің айтуынша, ол мұнда диалог пен бірлік іздеу мақсатымен бейбітшіліктің елшісі ретінде келген.

"Сіздерде "береке басы – бірлікте" деген мәтел бар. Бұл барлық жерде, әсіресе осы жерде маңызды ұғым екені сөзсіз. Елде 150-ге жуық этникалық топ пен сексеннен астам тіл бар. Әр түрлі тарихы, мәдени және діни дәстүрлері бар бұл халықтар бірлесе, адам айтса нанғысыз ынтымақтастық орнатқан. Сондай-ақ Қазақстанды көпұлтты, мультимәдениетті, көпконфессиялы бірегей мекенге айналдырды және бұл мемлекеттің Кездесулер елі деген ерекше атына сай келеді", – деді Понтифик.

Католик шіркеуінің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда өлім жазасын алып тастау жөніндегі шешімін қолдады. Оның пікірінше, бұл әрбір тұлғаның үміт етуге құқығы жолындағы адам өмірінің құндылығын растайды.

Рим Папасы қазіргі геосаяси шиеленіс жағдайында аса қажет диалогқа қолдау көрсету үшін дипломатиялық күш-жігерді жандандыруға шақырды.

"Араздықты шиеленістірмеуді үйренетін, блоктардың бір-біріне қарсылығын күшейтуді тоқтататын уақыт жетті. Бізге халықаралық деңгейде халықтар арасындағы өзара түсіністік пен диалогқа ықпал ете алатын және "Хельсинки рухын" қайта жандандыратын, мультилатерализмді нығайтуға ұмтылатын, өскелең ұрпақ үшін тұрақты әрі бейбіт әлем құратын көшбасшылар керек. Бұл үшін бәрімен түсіністік, төзімділік және диалог қажет. Қайталап айтамын, бәрімен!", – деді Рим Папасы Франциск.

Понтифик қарусыздану, ядролық қаруды таратпау, экономиканы көміртегінен арылту және энергияның баламалы көздеріне инвестиция құю жөніндегі Қазақстанның күш-жігерін жоғары бағалады.

"Дінаралық диалог орнату ісімен қатар мұның бәрі адамзаттың ортақ болашағы үшін егілген үміт дәні. Қасиетті Тақ осы жолда сіздерді қолдайды", – деді Рим Папасы.

Католик шіркеуінің басшысы сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаевқа көрсеткен қонақжайлығы үшін ризашылығын білдіріп, елімізге бейбітшілік пен бірлік тіледі.

Жиын соңында Қазақстан президенті Понтификке жылы лебізі мен елімізге деген құрметі, сондай-ақ мазмұнды сөзі үшін алғыс айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1987601-rim-papasy-qazaqstandagy-xalyqtar-birlese-adam-aitsa-nangysyz-yntymaqtastyq-ornatqan/

pixel