Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ресеймен келіссөздер жүргіземіз": Тоқаев елге жаппай келіп жатқан ресейліктер мәселесіне тоқталды

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Telegram-канал "Борт N1"

Мемлекет басшысының Түркістан облысына сапары өңір жұртшылығымен кездесуден басталды. Өз сөзінде президент Ресейден келіп жатқан азаматтарға тоқталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап.

"Қазақта "Көршімен татудың көңілі тоқ" деген сөз бар. Ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады.

Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен үкіметке тапсырдым.

Жалпы, осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты танытуымыз керек. Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек.

Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді. Жұмыстың бәрі заң бойынша, келісімдер бойынша жүргізіледі.

Біз Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйткілді еліміздің мүддесіне сай шешеміз. Тағы да қайталап айтамын, осындай алмағайып кезеңде бізге, ең алдымен, береке-бірлік қажет. Елдің тыныштығын сақтай білсек, тұрақты дами аламыз. Барлық мәселені байыппен талқылап, ақылмен шешуіміз керек", - дейді Қасым Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін мемлекет басшысы Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1989792-toqaev-reseiden-kelip-zatqan-azamattarga-qatysty-amaldyn-zoqtygynan-kelip-zatyr/

pixel