Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мектептер бойынша талап ерекше болады": Тоқаев үкімет пен әкімдерге тапсырма берді

Опубликовано:

Президент Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысына сөз сөйлеуде
Президент Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысына қатысуда. Фото: t.me/bort_01

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесін көтеріп, үкімет пен әкімдерге бірқатар тапсырма берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

"Білім алу үшін дұрыс жағдай жасау – мемлекеттің аса маңызды міндеті. Өкінішке қарай, бүгінге дейін көп талқыланғанына қарамастан, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан "Жайлы мектеп" ұлттық жобасының жүзеге асырылуы үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс. Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің көзделген мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз етуге тиіс", - дейді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ президент әкімдер жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым жөніндегі барлық мәселені шешуі қажет екенін баса айтты.

"Мұнда еш ақталудың реті жоқ. Сондықтан аталған жұмыстың орындалуына әкімдерді тікелей жауапты етіп бекіту жөніндегі үкіметтің ұсынысын қолдаймын. Құрылысы 2023 жылы басталуға тиіс мектептер үшін жер учаскелерін бөлу және инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселе бір ай ішінде шешілуге тиіс. Қалғандары жыл соңына дейін", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар президент бюрократияны азайту, нақты мәселелердің шешілуін созбалаңға салу проблемасын да реттеу керектігін атап өтті.

"Үкіметтің Samruk-Kazyna Construction-ды бірыңғай тапсырыс беруші ретінде айқындау туралы ұсынысын қолдауға болады деп есептеймін. Бұл бүкіл процесті бір жерде жоспарлауға, салуға және басқаруға мүмкіндік береді. Мектептер бойынша талап ерекше болады", - деп ескертті мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, ғимараттар мен сыныптар ғана емес, сондай-ақ мұғалімдерді даярлау жүйесі және оқу бағдарламалары да ең жоғары стандарттарға сәйкес келуі тиіс.

"Тағы бір маңызды мәселе. Балалар оқулыққа толы ауыр сөмке тасуға мәжбүр деген шағым көптеп түседі. Бұл балалардың денсаулығына кері әсерін тигізетіні анық. Сондықтан оқу материалдарын цифрлы форматқа ауыстыруды жеделдету қажет деп санаймын. Жалпы, барлық оқыту үдерісін барынша цифрландыру қажет", - дейді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1990106-mektepter-boiynsa-talap-erekse-bolady-toqaev-akimderge-eskertu-zasady/

pixel