Тоқаевтың қатысуымен болған Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында қандай мәселе талқыланды

Опубликовано:

Реформалар жөніндегі жоғары кеңес
Реформалар жөніндегі жоғары кеңес отырысы. Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорда.

Жиын ұлттық жобаларды әзірлеуге қатысты мәселелерді талқылаудан басталды.

"Жайлы мектеп" жобасы бойынша Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов баяндама жасады.

Министрдің айтуынша, жобаның мақсаты – мектептердегі орын тапшылығы мәселесін жүйелі түрде шешу. Жобаның жүзеге асырылуы 800 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы мектептер салуға мүмкіндік береді.

Жаңа қолайлы мектептердің қазіргі салынып жатқан мектептерден концептуалды артықшылығы мынада: құрылыстың бірыңғай стандарты сақталады, пән кабинеттері мен зертханалар толықтай жабдықталады, 1-4 сынып және 5-11 сынып оқушылары үшін дербес блок болады, спорт залдарының саны оқушы санына қарай есептеледі және 1-4 сынып пен 5-11 сынып оқушылары үшін бөлек орналастырылады, әр мектепте қыздар мен ұлдарды еңбекке баулуға арналған әмбебап шеберханалар мен студиялар қарастырылады. Осы және өзге де жаңашылдықтар балаларымыздың дағдылары мен қабілеттерін жан-жақты дамытуға бағытталған.

Баяндаманы тыңдаған президент білім алу үшін дұрыс жағдай жасау мемлекеттің аса маңызды міндеті екенін атап өтті.

"Өкінішке қарай, бүгінге дейін көп талқыланғанына қарамастан, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан осы ұлттық жобаның жүзеге асырылуы Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс. Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің көзделген мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз етуі қажет. Әкімдер жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым жөніндегі барлық мәселені шешуі керек. Мұнда еш ақталудың реті жоқ. Сондықтан өңір басшыларының жеке жауапкершілігін күшейту жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Құрылысы 2023 жылы басталуға тиіс мектептер үшін жер учаскелерін бөлу және инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселе бір ай ішінде шешілуі керек. Қалғандары жыл соңына дейін. Үкіметке әрбір өңірдің осындай міндеттемелерін айқындап, олардың орындалуын бақылауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент ұлттық жобаны келесі жылдан бастап жүзеге асыру үшін биыл барлық қажетті нормативтік актілерді қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің Samruk-Kazyna Construction-ды бірыңғай тапсырыс беруші ретінде айқындау туралы ұсынысын қолдады. Осы ретте Президент бюджеттен бөлінген қаржының жұмсалуын қатаң бақылауға алу қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы балалардың оқулыққа толы үлкен әрі ауыр рюкзактарды арқалап жүруге мәжбүр болуына байланысты ата-аналардың шағымдарына арнайы тоқталды. Бұл балалардың денсаулығына зиян келтіретіні анық.

Асхат Аймағамбетов проблемаларды шешуге бағытталған шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, цифрлық оқулыққа кезең-кезеңімен көшу ісі жүзеге асырылып жатыр, сондай-ақ жаңа мектептер оқушылардың жеке заттарын, ауыстыратын аяқ киімдері мен оқулықтарын сақтайтын жеке шкафтармен жабдықталады.

"Ауылдық жердегі денсаулық сақтау саласын жаңғырту" атты екінші жобаны Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният таныстырды.

Оның айтуынша, жоба барлық ауылдық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және заманауи көпбейінді орталық ауданаралық ауруханалар желісін ұйымдастыруға бағытталған. Әкімдіктермен бірлесіп 655 нысанның, оның ішінде 253 медпункт, 160 дәрігерлік амбулатория және 242 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы бойынша дайындық жұмыстары басталды. Жобаны іске асыру медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, ауыл халқына жедел медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етуге, қан айналымы жүйесі аурулары салдарынан өлім-жітімді 20 пайызға төмендетуге, өмір сүру ұзақтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Президент ауыл халқының 100 пайызын сапалы алғашқы медициналық көмекпен қамтамасыз етуді көздейтін жобаның әлеуметтік маңызы зор екенін атап өтті.

"Бұл – мемлекет ретінде біздің міндетіміз. Алайда бұл атқарылатын барлық жұмыстың ең аз бөлігі. Сондықтан жобаның екінші компоненті – ауыр дертке шалдыққандарға және жарақат алғандарға сапалы көмек көрсету уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін көпбейінді ауруханалардың құрылысына қатысты мәселе де маңызды.

"Алтын сағат" қағидасын бекер ұстанбайды – науқасты жабдықталған ауруханаға неғұрлым тез жеткізсе, оның өмірін сақтап қалуға соғырлым мүмкіндік мол. Бұл бастама қанайналым жүйесінің ауруы салдарынан адам шығынын азайтуға айрықша тиімді әсер етеді деп үміттенеміз. Еліміздегі азаматтардың 35 пайызы осы аурудан көз жұмады. Қазақстанда ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда, инсульт пен инфаркттан 2 есе көп қайтыс болады. Тіпті, жастарымыз да көз жұмып жатыр. Соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған көпбейінді ауруханалар желісі – бұл ұлт саулығына қосылған зор үлес әрі тиімді шешім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы онкологиялық аурулардың алдын алу және емдеу мәселелерін ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Президент ұлттық жобалардың нақты нәтижелеріне қол жеткізудің маңыздылығын ерекше атап өтіп, олардың іске асырылуына мониторинг жүйесін қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ отырыста Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы мәселе де қарастырылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1990110-toqaevtyn-qatysuymen-bolgan-reformalar-zonindegi-zogary-kenestin-otyrysynda-qandai-masele-talqylandy/