Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Экономикамыздың энергетикалық жүрегі": Президент Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды

Опубликовано:

Тоқаевтың Павлодар облысына жұмыс сапары
Президенттің Павлодар облысына жұмыс сапары. Фото: Telegram/БОРТN1

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен ұшып барды, деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі БОРТN1 Telegram арнасында.

Ел президенті Павлодар өңіріне сапары барысында аймақ жұртшылығымен кездесті.

"Павлодар – Қазақстанның дамуында үлесі мол, маңызы жоғары аймақ. Өздеріңіз білесіздер, өткен аптадан бері өңірлерге сапарым басталды. Аймақтардағы халықпен кездесіп, ел дамуына қатысты бастамаларым туралы айттым. Алдымен Түркістан мен Шымкентке, содан кейін Семейге бардым.

Біз алдағы қысқа дайындық барысымен танысып, шұғыл мәселелерді қарадық. Облыстар үшін стратегиялық маңызы бар міндеттерді айқындадық. Бір сөзбен айтқанда, бұл өте мағыналы сапарлар болып жатыр", - деді Тоқаев.

Сондай-ақ мемлекет басшысы өз сөзінде Павлодар облысын ел экономикасының энергетикалық жүрегі деп атады.

"Павлодар облысында "Қуатты өңірлер – қуатты ел" қағидаты айқын көрініс тапқан. Бұл аймақты экономикамыздың энергетикалық жүрегі деуге болады. Еліміздегі электр қуатының 40 пайыздан астамы осында өндіріледі. Қазақстанда шығарылатын көмірдің де жартысынан астамы Павлодардың еншісінде. Облыстың әрбір бесінші тұрғыны өңдеу өнеркәсібінде немесе отын-энергетика кешенінде жұмыс істейді.

Еліміздегі мұнай-химия өнімдерінің үштен бірі, ферроқорытпалардың жартысынан көбі осы өңірде шығады. Сондай-ақ, бұл өлке өңдеу өнеркәсібінің және шикізаттық емес экспорттың көлемі бойынша алдыңғы орында тұр", - деді президент.

Президенттің сөзінше, соңғы 3 жылда Павлодардың жалпы өңірлік өнімі 28 пайызға өсіп, 3,9 миллиард теңгеге жеткен. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және басқа да салалар қарқынды дамып келе жатыр. Мұның бәрі жергілікті жұрттың тұрмысы жақсарып, әл-ауқатының артуына тікелей ықпал етеді.

"Еліміз қазір жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформалар кезеңіне қадам басты. Біз алға қойып отырған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға Павлодар облысы зор үлес қосады деп сенемін", - деді мемлекет басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1991222-ekonomikamyzdyn-energetikalyq-zuregi-prezident-pavlodar-oblysyna-zumys-saparymen-bardy/

pixel