Тоқаев Алматы облысында пайда болатын жаңа G4 City қалашығының жобасымен танысты

Опубликовано:

Президентке G4 City жобасын таныстыруда
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: T.me/bort_01

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында G4 City жобасымен танысты, деп хабарлайды президенттің Telegram-дағы БОРТ N1 ресми арнасы.

Хабарламада айтылғандай, Алматы – Қонаев автомагистралінің бойында орналасатын G4 City жобасы аясында Gate District, Golden District, Growing District және Green District атты төрт заманауи аудан салынатыны белгілі болды.

"Gate Distrtict ауданы қаржылық-іскерлік кластері, Golden District ауданы білім беру және медициналық кластер ретінде дамиды. Ал экспортқа бейімделген сауда-логистика және инновациялық-индустриялық өнеркәсіп нысандары Growing District ауданына шоғырланады. Green District мәдениет және демалыс ауданында курорттық кешен, гемблинг индустрия нысандары мен арнаулы парктер орналасады", – делінген хабарламада.

Даму перспективасы бойынша G4 City 2,2 миллионға дейін халық мекендейтін интеграцияланған қала ретінде дамымақшы. Шетелдік инвесторларды белсенді тарту мақсатында қалада арнайы экономикалық аймақтар құру және жаңа халықаралық әуежай салу қарастырылған.

G4 City жобасының макеті
G4 City жобасының макеті. Фото: Т.me/bort_01

Мемлекет басшысы аталған жоба бұрыннан талқыланып келе жатқанын еске салып, инвесторлордан жобаның жүзеге асырылу мерзімін нақтылады. Сондай-ақ президент инвесторларға G4 City қаласында қолжетімді баспана салу, қала орналасатын аумақ халқын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін қарастырып, жобаның әлеуметтік жағына да мән беру керек екенін айтты.

"Президент Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиев пен премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа G4 City қаласын дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын бекіту мәселесіне қатысты тапсырма берді", – делінген хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1993434-memleket-bassysy-g4-city-zobasymen-tanysty/