Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Асыл тұқымды қой бағып отырған шаруа табысқа жетуінің құпиясын бөлісті

Жарияланған күні:

Мал
Фото: "Би-Мырза" шаруа қожалығы

Сыр өңірінің Шиелі ауданында тұратын "Би-Мырза" шаруа қожалығының басшысы Тоқтар Мырзахметұлы бүгінде 1800-ге жуық бас қой бағып отыр. Кәсібін дөңгелетіп отырған шаруа табысқа жетудің құпиясын бөлісті.

Еңбекші ауылының тұрғыны Тоқтар Мырзахметұлы бұған дейін аздаған жылқы, сиыр өсіргенімен қой ұстап көрмегенін айтады. Ақыры ойлана келе 889 бас асыл тұқымды қаракөл қойын сатып алған. Әкесі атақты шопан болса да үйдегі 7 ұлдың ішінде Тоқтар ғана әке жолын қуып, атакәсіпті жалғастырған екен.

Трактор
Фото: "Би-Мырза" шаруа қожалығы

"Ауылдағы ағайынның құнды валютасы - төрт түлік. Менің байқауымша, соның ішіндегі ең тиімдісі – қой өсіру. Жылына екі рет төлдейді. Қысқа төзімді. Еті жоғары сұранысқа ие. 900-дей қойдан көктемде 800-ге тарта қозы алдым. Қазір қожалықта 1800-ге жуық бас қой бар. Алдағы уақытта мал санына қарай көбейтіп, дамытқымыз келеді", - дейді шаруа.
"Би-Мырза" шаруа қожалығы
Фото: "Би-Мырза" шаруа қожалығы

Қожалық негізінен табиғи азық қорына арқа сүйейді. Бұл маңда қар қалың түспейді, ұсақ мал қыс бойы жайылып шығады. Бірақ малдың қысқы азығын жинап алған. Ал бір қар жауғанша Шопан ата түлігін 500 мың теңгеге жалға алынған күріш, жоңышқа егілген алқапта бағады. Қазір мұнда 4 адам жұмыспен қамтылған. Шаруасы шырайлы азаматтың айтуынша, мемлекет қолдап отырғанда бұл кәсіппен айналысу кез келген адамның қолынан келеді.

"Би-Мырза" шаруа қожалығы
Фото: "Би-Мырза" шаруа қожалығы

"Аграрлық несие корпорациясынан былтыр 40 миллион теңге жеңілдетілген несие алдым. Небәрі 5 күнде құжатты рәсімдедім, қаржы шотыма түсті. Үкімет оның пайыздық мөлшерлемесін субсидиялайды. 2 жыл жеңілдік мерзімі бар, негізгі қарызды емес, жылына бір рет тек пайызын төлеймін. Несиені бірінші рет алдым, тиімді екен. Қалтаға салмақ түспейді. Істеймін деген адамға қазір мүмкіндік көп. Ерінбей еңбек етсең, бейнеттің зейнетін көресің", - дейді Тоқтар Мырзахметұлы.

Шаруа адамының қаракөл қойын таңдауы бекер емес. Кеңес кезінде кеңшар қаракөл қойын өсірген. Бұл қой тұқымы өңірге жерсінген. Бір өкініштісі, қазір қаракөл елтірісі өңделмей, рәсуа болып жатыр. Әзірге, еті ғана кәдеге асады.

Мал
Фото: "Би-Мырза" шаруа қожалығы

Келесі жылдан бастап агрокәсіпкер қой етін нарыққа шығармақ. Ал бір-екі жылда қой саны 6 мыңнан асады деп болжап отыр. Бұған жем-шөп сатып алмай өзі өсіріп, жинау үшін шабындық жер алуды жоспарға енгізген. Сол кезде тағы да қосымша жұмыс орны ашылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1993760-asyl-tuqymdy-qoi-bagyp-otyrgan-sarua-tabysqa-zetuinin-qupiyasyn-bolisti/