Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанның 330-дан астам кәсіпорны "Vision Zero - нөлдік жарақаттану" тұжырымдамасына қосылды

Опубликовано:

Брифинг
Фото: Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі

Қазақстанның 332-ге жуық кәсіпорны "Vision Zero - нөлдік жарақаттану" тұжырымдамасына қосылды, деп хабарлады Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы - ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов.

"2019 жылдан бастап біз "Vision Zero - нөлдік жарақаттану" тұжырымдамасын ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Бүгінгі таңда оған 332 кәсіпорын қосылды. Бұдан басқа, өңірлердің әкімдіктері ең көп жазатайым оқиғаларға жол берген жұмыс берушілермен бірлесіп, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету жөніндегі жекелеген іс-шаралар жоспарларын бекіту бойынша жұмыс жүргізді. Осындай жоспар еліміздің 173 кәсіпорнында бекітілген", - деді Төлеген Оспанқұлов.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 12,5%-ға (1678-ден 1467 адамға дейін), қаза тапқандар саны 16,2%-ға (244-тен 200 адамға дейін) азайған.

Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, мемлекеттік бақылау нәтижесінде анықталған келеңсіздіктердің 30%-дан астамы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне қатысты. Биылғы 9 айда мемлекеттік еңбек инспекторлары 4 023 тексеру жүргізіп, оның барысында 6 825 бұзушылық анықталған. Оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында – 2 103.

"2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте еліміздің кәсіпорындарында 999 адам зардап шекті, бұл 2021 жылғы ұқсас кезеңнен 5,8%-ға төмен (2021 жылы – 1061 адам), оның ішінде 134 адам қаза тапты, бұл 2021 жылғы ұқсас кезеңнен 4,3%-ға төмен (2021 жылы – 140 адам). Жазатайым оқиғаларға әкеп соққан негізгі себептер: жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (34,9%); өндірісті қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру (28,3%); еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларын бұзу (7,1%); авто-жол қағидаларын бұзу (9,1%) болды", – деп атап өтті ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы.

Спикердің сөзінше, еліміздің өнеркәсіптік өңірлерінде: Қарағанды (136 адам зардап шекті), Шығыс Қазақстан (120 адам), Қостанай (93 адам), Ақтөбе (84 адам), Павлодар (82 адам) облыстарында және Алматы қаласында (79 адам) жарақаттанудың жоғары деңгейі сақталуда. Бұл ретте зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарында – 16,4%, құрылыс саласында – 12,3% байқалуда.

"Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар үшін ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 109 лауазымды адам атқарып жатқан лауазымынан босатылды. Құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғалар туралы 744 материал жіберіліп, олар бойынша 118 қылмыстық іс қозғалды. Еңбек жағдайының нақты ахуалын бағалау мақсатында жұмыс орындарында 4 133 өндірістік нысанды аттестаттау өткізілді", - деп толықтырды Төлеген Оспанқұлов.

Сондай-ақ зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлер санын қысқарту бойынша шаралар қабылдануда. Статистикаға сүйенсек, өткен жылы зерттелген кәсіпорындардағы 1,6 миллион жұмысшының 375 мыңы (22,8%) зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істеген. Мұндай қызметкерлердің көпшілігі Қарағанды облысында – 74 976 адам, сондай-ақ Павлодар - 46 361 мен Шығыс Қазақстан облысында – 37 383 адам.

"Зиянды және қауіпті еңбек жағдайы бар жерлерде жұмыс істейтін қызметкерлерге жұмыс беруші еңбек заңнамасына сәйкес кепілдіктер мен өтемақылар береді. Бұл жұмыс қысқа уақыты, жыл сайынғы қосымша еңбек демалысы және жалақының жоғарылауы, сүт, емдік және профилактикалық тамақтану. Мәселен, 2021 жылы еліміз бойынша 681 мың қызметкер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін 167 миллиард теңгеден астам сомаға түрлі өтемақы алды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 19%-ға артық", - деді Төлеген Оспанқұлов.

Ол Еңбек министрлігі зиянды еңбек жағдайы бар жұмыс орындарын едәуір қысқарту және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету міндетін көздеп отырғанын атап өтті. Ол үшін елімізде 2025 жылға дейін қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары қабылданды және іске асырылуда.

"Жоспар өндірістік жарақаттанудың алдын алу тетіктерін жетілдіруді; өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру тетігін жетілдіруді; зиянды еңбек жағдайы бар жерлерде жұмыс істейтін қызметкерлерге кепілдік берудің тәуекелге бағдарланған тетігін енгізуді көздейді. Осы іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай: жазатайым оқиғалардың жиілігі коэффициентін 1000 жұмысшыға шаққанда 0,20-ға дейін төмендету (2021 жыл - 0,22); зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмыскерлердің үлес салмағын 20%-ға дейін қысқарту (2021 жыл – 22,8%) межеленуде", - деп түйіндеді ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1993820-qazaqstannyn-330-dan-astam-kasiporny-vision-zero-noldik-zaraqattanu-tuzyrymdamasyna-qosyldy/

pixel