Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанның 212 кәсіпорнына "Халықтық бақылау" жобасы енгізілмек

Опубликовано:

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Фото: Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі

Қазақстанда 212 кәсіпорын қауіпсіздік техникасының бұзылуын анықтауға қатысты "Халықтық бақылау" жобасына қатысуда. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы - ҚР бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

"Халықтық бақылау" жобасы алғаш рет 2019 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазхром" ТҰК" АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауытына баруы кезінде таныстырылды. Кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды бақылауды күшейту мақсатында "халық бақылаушылары" жүйесі құрылып, оған мүмкіндігі шектеулі адамдар, оның ішінде жалпы аурулар бойынша да мүгедектігі бар жандар тартылды.

Бейнебақылау жүйесінің көмегімен олар зауыт цехтарында болып жатқан оқиғаларды ауыса отырып бақылайды және барлық қауіпсіздік келеңсіздіктеріне зер салады. Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жобаны таныстыру қорытындысы бойынша мемлекет басшысы еліміздің басқа да кәсіпорындарында "Халықтық бақылауды" енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

"Осыған байланысты министрлік облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органдарға тапсырма берді, сондай-ақ әлеуметтік әріптестерге "Атамекен" ҰКП мен Кәсіподақтар федерациясына осы жобаны өңірлерде енгізу жөнінде хат жолданды. Бүгінгі таңда "Халықтық бақылау" әлеуметтік маңызды жобасын іске асыруға республиканың 212 кәсіпорны қосылып, оларда 500-ден астам қызметкер ішкі бақылауды жүзеге асырады", - деді Төлеген Оспанқұлов.

Ол қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әрбір жұмыс беруші мүгедектігі бар тұлғаларға жұмысшылардың жалпы санының екі-төрт пайызы аралығында жұмыс орындарын ұсынуға міндетті екенін еске салды.

"Халықтық бақылау" жобасына қосыла отырып, жұмыс беруші бірден екі міндетті шешеді: өз штатын мүгедектігі бар адамдармен қамтамасыз ету жөніндегі заң талабын орындайды және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды бақылауды арттырады. Естеріңізге сала кетейік, "Халық бақылаушылары" өндірістік жарақат алған қызметкерлер қатарынан қарастырылады. Яғни, олар өздерінің немқұрайлылығы немесе жұмыс берушінің қателігі салдарынан мүгедектік кебін кигенін толық түсінеді. Іс жүзінде, бұл дегеніміз, егер олар "Халық бақылаушылары" кенеттен цехтағы бейнемониторлардан жазатайым оқиғаға әкелуі мүмкін нәрсені көрсе, бір кездері өздері зардап шеккен алғырттықтың қайталануына жол бермеуге күш салатыны анық. Сондықтан бұл жоба өте маңызды және өз нәтижесін беруде", - деп атап өтті Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы.

Айтпақшы, Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, "Халықтық бақылау" жобасына ТМД елдерінің мемлекеттік еңбек инспекторлары қызығушылық танытқан.

"ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы оқыс оқиғалардың алдын алудың ұлттық мәдениетін қалыптастыру және нығайту, мемлекеттік еңбек инспекциясының тиімді жүйесін құру арқылы қызметкерлердің еңбек құқығын қорғау, қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін еңбекті қорғау саласында ғылыми инфрақұрылымды дамыту, қызметкерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдап, жағдайлар жасайтын болады", - деп түйіндеді Төлеген Оспанқұлов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1993827-qazaqstannyn-212-kasipornyna-xalyqtyq-baqylau-zobasy-engizilmek/

pixel