Сенат қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жасау туралы заңды қабылдады
Жарияланған күні:
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында "Рақымшылық жасау туралы" Заң қабылданды. Бұл туралы Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Заң жобасына қатысты сенатор Ләззат Сүлеймен пікір білдірді.
"Ұсынып отырған заң жобасы қаңтар оқиғасына кезінде жасалған қылмыстар бойынша жауапқа тартылатын адамдарға мемлекет пен қоғам тарапынан гуманизм мен мейірімділік актісі болып отыр. Тергеу органдары қаңтар оқиғасы кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 1600-дей адамды анықтап, оларды жауапқа тартып отыр. Оның ішінде 1 112 адамға сот үкімі шығарылды. Басқаларының істері тергеу сатысында. Рақымшылық сотта да, тергеуде де қолданылады", - деді сенатор Ләззат Сүлеймен.
Осы орайда ол заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталды.
Жасалған қылмыстардың нақты уақыт аралығы және рақымшылыққа іліккен азаматтар тобы белгіленді. Заң жобасы теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандарды жазадан толық босатуды көздейді. Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады.
Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімін азайту көзделген.
"Ауыр қылмыстарға қатысты сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар бойынша мерзімінің жартысы қысқарады.
Егер сотталған тұлғаның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толықтай жазаны өтеуден босатылады. Алайда бұл шараны қылмыс жасағандарды ақтау немесе кінәсіз деп тану ретінде түсінуге болмайды. Бұл шара – қаңтар оқиғасына қатысушыларды жазадан босату туралы президенттің шешімі.
Жалпы рақымшылық 1500-ге жуық адамды қамтиды. Негізінен олар – заңсыз үгіт-насихатқа еріп, ұрлық, бүлік, өртеу жасағандар. Бұл тұлғалар сотпен жазаның неғұрлым жеңіл түріне тартылып жатыр. Яғни гуманизм қағидасы қылмыс жасаған адамдарға осыған дейін де қолданылды", - деді депутат.
Енді рақымшылық қамтымайтын адамдар қатарына террористер, экстремистер, рецидивистер, азаптау жасағандар, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар, мемлекетке опасыздық жасағандар жатады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1994518-senat-qantar-oqigasyna-qatysqandarga-raqymsylyq-zasau-turaly-zandy-qabyldady/