Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кешенді тексеру жүргізу керек": Тоқаев "АрселорМиттал Теміртау" шахталарындағы апаттар туралы айтты

Опубликовано:

Президенттің Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесуі
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Т.me/bort_01

Мемлекет басшысы шахтада қайтыс болған марқұмдардың жақындарына көңіл айтып, "АрселорМиттал Теміртау" зауытының жай-күйіне әділ баға беретін халықаралық компанияны тартуды ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ БОРТ N1 Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесуде еңбек қауіпсіздігін сөз еткен мемлекет басшысы алдымен шахтада қайтыс болған кеншілердің жақындарына көңіл айтты.

"Осы орайда, тағы бір маңызды мәселе – еңбек қауіпсіздігі. Өткен аптада Қарағанды облысындағы шахтада жарылыс болып, 5 адам қаза тапты. Бірнеше адам жараланды.

Мен марқұмдардың жақындарына көңіл айтамын. Олардың отбасыларына тиісті көмек көрсету туралы тапсырма бердім. Жарақат алған азаматтардың тезірек сауығып кетуін тілеймін", – деді мемлекет басшысы.

Президент бұл жағдай биыл адам өліміне алып келген екінші қайғылы оқиға екенін айтты.

"2006 жылдан бері металлургия комбинатында 20-дан астам апат болып, 100-ден аса азамат қаза тапты.

Мемлекеттік органдар тарапынан бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, жағдай жақсармай отыр. Осыған орай жедел түрде қатаң шаралар қабылдауға тура келеді. Мен бұл жөнінде жуырда Қарағандыда сөйлеген сөзімде ескерттім.

Кәсіпорынға кешенді тексеру жүргізу керек. Соның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен барлық экологиялық норма талаптарының сақталуына мән берілуге тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, комбинаттың иесі техникалық жағдайды жақсартуға және жаңғыртуға жеткілікті дәрежеде инвестиция құйғанын анықтау маңызды.

"Бәлкім, бұл жұмысқа зауыттың жағдайына шынайы баға беретін халықаралық компанияны тарту керек шығар. Мұндай қайғылы жағдай қайталанбауы үшін барлық қажет шараны қабылдау керек. Ең бастысы – азаматтарымыздың денсаулығы мен өмірі", – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1996039-kesendi-tekseru-zurgizu-kerek-toqaev-arselormittal-temirtau-saxtalaryndagy-apattar-turaly-aitty/

pixel