КСРО-ға қайта оралу: Мемлекеттендірудің қаупі қандай және кеңестік кезеңдегі қай қателіктен сабақ алу керек
Жарияланған күні:
КСРО құлағалы 30 жылдан астам уақыт өтті, бірақ кеңестік заманды аңсайтындар саны әлі де аз емес. Олардың кейбірі тіпті сол кезеңдегі тәжірибені қазіргі, Жаңа Қазақстанда пайдалануға шақыруын қоймай келеді. Нақтыласақ, ірі кәсіпорындар мен банктерді мемлекеттендіру қажеттілігі туралы ұрандарды әр жерден бір естіп жүрміз. КСРО кезеңіндегі орталықтандырылған басқарудың нәтижесі қандай болғанын және бұл Қазақстан үшін қаншалықты қауіпті деген мәселе төңірегінде ой қозғап көрелік, деп Inbusiness.kz хабарлайды.
Барлығы неден басталды
Кеңестік экономика түрлі кезеңдерді бастан кешірді: онда шарықтау, құлдырау және бағыттық өзгерістер де болды. Бәрі қалыптасқан жағдайлар мен билікке келген билеушілерге байланысты болды. Олардың әрқайсысы өзіндік көзқарастармен, идеялармен келді. Ең маңызды кезең ретінде революциядан кейінгі алғашқы 10 жылды атауға болады, себебі дәл осы кезең экономиканың алдағы жылдардағы беталысын айқындады. Барлығы 1917 жылы жерге жеке меншікке тыйым салынған уақыттан басталды. Мемлекеттендіру жер қойнауын, су және ормандарға қатысты болды. Ондағы мақсат та игі, мұның бәрі еңбек адамдары мен ауылдарды пайдаланатындардың мүддесі үшін жасалып жатыр, деп түсіндірді олар. Мәселен, шаруаларға 150 млн гектер жерді тегін пайдалануға берілді. Ал бұл ретте жер иелерінің жерін оп-оңай тартып алды.
Жер мәселесін біржақты еткен соң, үкімет банктерді қолға алды. Бірнеше айдың ішінде олар да мемлекеттендірілді. Меншік иелерінің капиталы толық әрі тегін түрде Мемлекеттік банк иелігіне өтті, осының негізінде РКФСР Бірыңғай халық банкі құрылды. Осылайша мемлекет өнеркәсіптің, көлік саласының және экономиканың өзге де салаларының дамуына ықпал ететін қуатты тетікке ие болды, демек бұл саланы да мемлекет меншігіне өткізетін уақыт келді.
1920 жылға қарай мемлекет жұмысшы саны шамамен 2 млн, яғни өнеркәсіпте жұмыспен қамтылғандардың 70 пайызына тең болатын 38 мың кәсіпорынды иеленіп үлгерді (мемлекеттендіру ең қарапайым түрде жүзеге асты – еш өтемақысыз тәркілеу). Бірақ нәтиже жақсы болған жоқ. Большевиктердің өнеркәсіпті орталықтандыру жөніндегі саясаты экономикалық құлдырауға әкеп соқтырды. Өнеркәсіпті басқару белгілі бір білімді, құзыретті, жекелеген сала бойынша айрықша білімді қажет етті. Өндіріс көлемі ондаған есеге түсіп кетті, сауда айналымы күрт құлдырады, еңбек өнімділігі де тұралай бастады. Халық «мәжбүрлі» түрде, әдепкі және түсінікті еңбек ақысын төлеу жүйесінсіз өндіріспен айналысуға құлықсыз болды. Себебі, барлығы «жалпыға ортақ жоспар бойынша, ортақ жерде, ортақ фабрикалар мен зауыттарды, жалпыға бірдей ереже бойынша» жұмыс істеді. Жұмыс орындары жетіспей, елді аштық жайлай бастады.
Әскери коммунизмнен ЖЭС-ке дейін және кері бағыт
1921 жылдың басында жаңа экономикалық саясатқа өту туралы жарлық жария етілді (ЖЭС-ке). Бұл КСРО-дағы ең сәтті кезең болып, осы арқылы ел соғыстан кейінгі құлдырау кезеңінен шықты. Мұның себебі, халыққа табыстың бәрін үкіметке бермей, жеке бизнесті жүргізуге мүмкіндік берілді. Осыдан кейінгі 10 жыл жеке сауданың гүлдену кезеңі ретінде есте қалды.
«Жеке бастамаларға жол берілсе, экономика гүлденетінін тарих дәлелдеп отыр. КСРО-да 1921 жылдан кейін азғантай уақыттың ішінде, тым құрығанда ауылшаруашылық және жеңіл өнеркәсіп салалары қарыштап дами бастады. Мұндай өсім бұған дейінгі кезеңде мүлдем болмаған», - дейді Мемлекеттік тарих институтының директоры Әбіл Еркін.
Алайда 1931 жылы кәсіпкерлікке заңды түрде тыйым салынып, жеке меншікке қайта тұсау салынды.
ЖЭС-тің орнын ұжымдастыру және жаппай қуғындау басты. «Кулактар» мүлкін тартып алып, олардың өзі жер айдалды, ал туыстары сот арқылы қуғындала бастады. Бұдан былай елді бір ғана кәсіпкер – үкімет болды. Ал сөрелердегі баға да, тауарлар да біркелкі еді. Тапшылықтың салдарынан көлеңкелі саудаға жол ашылды, ал алыпсатарлар саудасы Кеңес үкіметі құлағанға дейін қызып тұрды.
Жаппай мемлекеттендіру, мобилизациялық экономикаға көшу, түрмедегі миллиондаған тұтқынның еңбегін пайдалану КСРО-ға аз уақыттың ішінде индустриализацияны өткізіп, Ұлы Отан Соғысында жеңіске жетуіне мүмкіндік берді деген пікір бар. Қалай десек те, түптеп келгенде экономиканың кеңестік моделі тиімсіз болып, 70-жылдары қоғам қажеттіліктерін өтеуге қауқарсыз болып қалды. Тұрғындардың өмір сүру деңгейінің төмендігі, бюрократияға негізделген орталықтандырылған басқару жүйесі, экономикалық бастамаға жылдар бойы тосқауыл болу – осының барлығы сайып келгенде құлдырауға әкелетіні сөзсіз еді, деп пайымдайды ғалымдар. Алайда жағдайды жөндеуге мүмкіндіктер болмады емес, болған.
«Еңбек тиімділігі 60-70 жылдары шаруашылық есеп жүргізе бастағаннан кейін өсті. Жекелеген кәсіпорындарда тікелей жеткен жетістіктерге қарай еңбек ақысын төлеу нормалары енгізіле бастады. Бұл экономиканың дамуына оң әсерін тигізді. Менің түсінгенімше, кеңестік билік өзінің бұл экспериментінен өзі қорқып кетіп, бірден бұл бастаманы тоқтатып тастаған. Себебі бұл іс жүзінде капитализмнің элементтері», - деп түсіндірді Әбіл Еркін.
Оның сөзінше, мемлекет меншік иесі болса, бұл жайт тиімділіктің төмендеуіне әкеледі.
«Тәжірибеден көргеніміздей, мемлекет тұтастай алғанда жақсы менеджер бола алмайды. Түрлі себеп болуы мүмкін. Бірінші – мемлекеттік басқару еңбек нәтижелеріне мүдделі емес, салдарынан жұмысшының да ынтасы болмайды. Мемлекеттендіру – бұл еңбектің жеке жауапкершілігін жоққа шығару, ал адам үшін қашанда нәтиже маңызды. Мемлекеттік еңбектің құны болмайды», - деп санайды сарапшы.
Кеңес Одағының тәжірибесіне қарап, мұны айқын көруге болады.
«Ұрлап сату» - бұл кеңестік кезеңде кең таралған дерт. Жүргізушілер бензин ұрлайды, көлік бөлшектерін алып кетеді, астық жинау кезінде оны «сатып жіберуге» тырысады. Егер адам мемлекет түптеп келгенде шығындарды өзі жабатынын, ал бұл шығындар үшін кәсіпорын жабылып қалмайтынын, себебі ол мемлекеттік екенін түсінген кезде ол өз жұмысына салғырт қарай бастайды. Ал директор да, бас инженер де «ұрлап жатқанын» білсе, онда бұндай қарым-қатынас еселене түседі», - дейді тарихшы.
Одан бөлек, сарапшының айтуынша, мемлекет экономиканы тікелей басқарып отырған жерде жемқорлық қаупі бар. Бұл тағы бір сабақ алатын тәжірибе.
Десе де, мемлекеттік басқару тиімді болатын жекелеген салалар да жоқ емес.
«Белгілі бір стратегиялық бағыттарға келгенде, мұндай болады деп ойлаймын. Алайда мемлекет араласуға болмайтын салалар бар. Мәселен, жалпы халықтық тұтыну заттарын өндіру немесе азық-түлік өндірісі. Бұл салаларда нарық онсыз да жақсы жұмыс істейді», - дейді Әбіл Еркін.
«Қазақстанның кәсіпкер әйелдерінің одағы» АҚ төрайымы Меруерт Қазбекова да дәл осындай пікірде.
«КСРО-ның құрылымы мүлдем басқаша еді. Барлығы мемлекетке тиесілі еді, жер – шаруаларға, зауыттар – жұмысшыларға. Бірақ бәсеке болған жоқ және мемлекет қалай айтсақ та жақсы менеджер емес, оның рөлін шағын және орта бизнес, қызмет көрсету және сауда секілді салаларда азайту керек еді. Мұның барлығын жеке меншіктің иелігіне беру керек еді», - деп санайды ол.
«Әдемі» цифрлар және тапшылық
Мемлекет тарихы институты директорының сөзінше, бүгінде КСРО-ны адамдардың 2 категориясы аңсайды: Кеңестік кезеңде үлестіру жүйесінің бөлігі болған және игіліктерді үлестіруге қолы жеткен, бірақ қазіргі өмірге бейімделе алмағандар және Кеңестік кезеңді көрмесе де, сонда өмір сүргендердің әдемі естеліктерін естіп өскендер. Олардың санасында КСРО мінсіз болып қалыптасқан деп санайды Әбіл Еркін.
«Орташа өмір сүру, тіпті орташадан сәл төмен өмір деңгейіне кепілдік берілген. Бұл КСРО мүмкіндіктерімен салыстырғанда өте төмен деңгей, ал біз онда қандай мүмкіндіктер болғанын түсініп отырмыз ғой», - дейді сарапшы.
КСРО-дағылар сандардың «әдемілігін» жақсы көретін, бұл сандар шын өмірдегімен сәйкес келмейтін. Жоспарды орындау үшін кәсіпорындар өндірілген өнім көлемін әдейілеп көтеретін, ал кейбір көрсеткіштер жекелеген өндірістің барлық ерекшеліктері мен проблемаларына сай емес еді. Мұндай қарым-қатынастың арты өндірілген тауарлар сапасына да кері әсерін тигізді.
«Халық біздегі тауарлар нашар, ал импорттық тауарлардың сапасы неліктен жоғары екенін түсінбей, дал болатын. Біз импорттық джинсаларды, кроссовкаларды іздейтін едік қой. Ал мұның себебі, орталықтандырылған жоспарлы мемлекеттік экономика мүлдем тиімсіз еді. Жоспарды бекітуден киім үлгілерінің техникалық карталарын жасауға дейінгі процесстер өте ұзақ, бюрократиялық жолмен жүзеге асатын еді. Кеңестік кезеңдегі жеңіл өнеркәсіптің дамуы дәл осы бюрократия салдарынан артта қалып жатты. Тиісінше, өндірілген киімдер сәнді емес, әдемі емес және нашар маталардан тігілетін еді», - деп еске алады тарихшы.
Халық жай ғана киіне салмай, әдемі киім киіп, жақсы өмір сүргісі келетін уақыт келді.
«Бірақ экономиканың деңгейі халыққа мұндай мүмкіндік беруге қауқарсыз еді. Бұл ретте жай ғана жеке бастамаларға рұқсат беру керек еді. Себебі мемлекет жеке меншік секілді сұранысқа, жаңа технологияларға, сән әлеміндегі өзгрістерге тез арада ілесіп кете алмайтын. Ірі мемлекеттік кәсіпорындармен салыстырғанда, меншік иелері кез келген уақытта заман ағымына ілесіп кете алады», - дейді Әбіл Еркін.
Еңбекті ынталандырудың сапалы жүйесі болған жоқ, өнімділік құлдырап кетті, еңбек апатиясы артты – жалған ұрандар халыққа әсер етпейтін болды.
«Бұдан мемлекеттендіру халыққа еш нәрсе бермейді деген қорытынды шығаруға болады. Ол мемлекетке ғана тиімді. Мемлекет – бұл басқару аппараты. Халық өздігінен еш уақытта ештеңе алмаған және алмайды да. Мемлекеттік менеджмент жеке меншік менеджментке қарағанда нашар. Ең жаман деген жеке меншік менеджмент мемлекеттікінен жақсырақ. Себебі шенеунік еңбек нәтижелеріне мүдделі емес», - деп қорытындылады сарапшы.
КСРО-ның сыртқы экономикасы кей кезеңдерде жақсы дамығанымен, мемлекеттің ішіндегі жүйелі проблемалар қордалана түсті. Бұл проблемалардың салдары жақсы болмады. Нәтижесінде экономикадағы қарапайым жүйесіздіктің кесірінен Кеңес одағы ыдырап кетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1997271-ksro-ga-qaita-oralu-memlekettendirudin-qaupi-qandai-zane-kenestik-kezendegi-qai-qatelikten-sabaq-alu-kerek/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.