Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан кәсіпорындары еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау саласындағы үздік әлемдік тәжірибелерді ұстанады

Опубликовано:

промышленная зона
Фото: pixabay

Қазақстандық кәсіпорындар үздік халықаралық тәжірибелерді енгізе отырып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы жалпы әлемдік трендтерді ұстанады, деді ҚР ЕХӘҚМ "Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты" ШЖҚ РМК Кәсіби құзыреттер орталығының басшысы Гүлнұр Рахымова.

Бүгінде Қазақстанда еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау саласы мәселелері алдыңғы қатарда тұр. Республикалық кәсіпорындар мынадай ұғымдарды насихаттай бастады: әр қызметкердің өз қауіпсіздігімен қоса бірге жұмыс істейтін әріптестерінің де қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы, қауіпсіз еңбек мәдениеті, көшбасшылық.

"Мысалы, көшбасшылық - бұл басшылардың әр шешімге жауапкершілікпен қарауы және қателіктерін мойындай білуі, егер нәтиже ойдағыдай болмаса, қателіктерді түзетуге талпынуы. Төменірек сатыдағы жұмысшылар үшін көшбасшылық өз денсаулығы мен өміріне жауапкершілікпен қараудан құралады. Сондай-ақ олардың әрқайсысы отбасы, әріптестері мен жалпы ұжым алдындағы өз міндеттемелерін сезінуі керек. Мұның бәрі әлемдік тренд - еңбек қауіпсіздігі психологиясы. Мұнда басты міндет – әрбір қызметкердің осы жауапкершілікті сезіне алуына және аталған процестерге тікелей қатысы барын түсінуіне барынша көмектесу", - дейді Гүлнұр Рахымова.

2017 жылдан бастап әлемнің көптеген елінде Vision Zero – нөлдік жарақаттану қозғалысы белсенді түрде тарала бастады. Қазақстанда аталған халықаралық тәжірибеге бүгінгі таңда 332 кәсіпорын қосылды.

Соңғы жылдардағы тағы бір әлемдік тренд - цифрландыру. "ҚТЖ", "ҚазМұнайГаз", "Қостанай минералдары" және басқа да көптеген кәсіпорын қазіргі уақытта өз өндірістерінде цифрлық технологияларды белсенді енгізуде.

"Сондай-ақ әлемде жасанды сана қолданылатын жобалар көбейіп келеді. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында жасанды сана мүмкіндіктері қауіптер мен тәуекелдерді болжау кезінде шешім қабылдау үшін қолданылуы мүмкін, осылайша төтенше жағдайлардың алдын алады. Бұл жағдайда жасанды сананың барлық нұсқаны есептеп, ең дұрыс шешім шығаруы үшін дәл және сенімді деректердің болуы маңызды. Жасанды сананы қазақстандық кәсіпорындар да белсенді пайдаланатынына сенімдімін", - деп қосты Гүлнұр Рахымова.

Сондай-ақ бүгінгі таңда әлеуметтік мәселелер бизнестің тұрақты дамуының ажырамас бөлігі болып табылатынын түсіну қажет. Бұған ұмтылатын ұйымдар сауатты, білікті қызметкерлердің маңызды рөл атқаратынын жақсы түсінеді. Сондықтан кәсіпорындар өз қызметкерлері кетіп қалмауы үшін күш-жігерін екі есе арттырады, оларды оқытуға, дағдылар мен біліктіліктерін дамытуға үнемі инвестиция құяды. Бұл да халықаралық трендтің бірі.

"Өндірістегі жұмысшылардың жарақаттануының негізгі себебі - қауіпсіз жұмыс әдістерін оқытудың болмауына байланысты адами фактор. Жұмыс орнындағы бұл кемшілік қызметкерлердің өз бетінше жасаған дұрыс емес әрекеттерін бірнеше рет қайталауы түрінде орын алады", - деп атап өтті Гүлнұр Рахымова.

Жарақаттануды төмендетудің тиімді құралдарының бірі - өндірісте оқытудың белгілі әдістемесі - TWI (Тraining Within Industry). Ол үнемді өндірістің негізі саналады және көптеген дамыған ел оны кәдеге жаратып, осылайша қауіпсіз еңбек мәдениетін дамытуға ықпал етеді.

"Консалтингтік компаниялар немесе оқыту ұйымдары тек оқытып қана қоймай, кәсіпорынның өзінде корпоративтік оқытудың ішкі жүйелерін құруға көмектеседі. Басқаша айтқанда, оқу орталықтарын құрады. Талдау көрсеткендей, бұл кадрларды даярлауда ең үлкен нәтиже береді және жарақатқа қарсы алдын ала шара ретінде жұмыс істейді. Біздің елімізде "Батыр Көмір" ЖШС-не тиесілі осындай оқу-өндірістік комбинатының тамаша үлгісі бар. Бұл тәжірибені еліміздің басқа кәсіпорындарында да енгізу қажет", - дейді Гүлнұр Рахымова.

Жаңа әлемдік трендтердің қатарына еңбекті қорғау мәселелерімен ықпалдастырылған менталды денсаулық жатады. 2019 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кәсіптік қажу синдромын жұмыс орнындағы созылмалы күйзелістен туындаған медициналық диагноз ретінде мойындады. Соңғы жылдары коронавирус инфекциясы пандемиясының салдарынан бұл үрдіс күшейе түсті. Сондықтан көптеген елде жұмысшылардың психикалық денсаулығын сақтау бағдарламалары қабылдана бастады.

Мамандардың айтуынша, психологиялық көмек пен қолдауды уақытылы көрсету корпоративтік басымдыққа айналуға тиіс. Бұл қызметкерлерді кәсіби қажып, жігерінің құм болуынан қорғайды.

"Пандемия COVID-19-ға дейін пайда болып, ұзақ уақытқа созылған өзгерістерді жеделдетті. Бизнестің қызметкерлер денсаулығына, соның ішінде менталдық денсауылққа ерекше назар аудара бастауы - осындай өзгерістердің бірі. Бұл үрдіс денсаулық сақтау саласындағы виртуалды қызметтерге қолжетімділіктің артуымен бірге қарқын алуда. McKinsey жаһандық зерттеуі әлемдегі жұмысшылардың 62%-ы психикалық тұрақтылықты пандемия кезінде кездесетін басты мәселелердің бірі деп санайтынын анықтады. Психикалық денсаулықтың маңыздылығын түсіну және осы бағыттағы батыл қадамдар адамдардың денсаулығын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар компанияның өнімділігін арттыруға көмектеседі. Сондықтан қазақстандық жұмыс берушілер, бизнес иелері осы үрдіске назар аударғанын қалаймыз", - деп қорытындылады Гүлнұр Рахымова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1997289-qazaqstan-kasiporyndary-enbek-qauipsizdigi-men-ony-qorgau-salasyndagy-uzdik-alemdik-taziribelerdi-ustanady/

pixel