Қазақстанда жыл басынан бері арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында 360-тан астам заңбұзушылық анықталды
Жарияланған күні:
2022 жылдың тоғыз айында ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаменттерінің мамандары өңірлерде "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" заңының сақталуы бойынша 93 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 364 заң бұзу дерегі анықталды, деп хабарлады Комитеттен.
2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ел өңірлерінде "Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы" және "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" заңдардың сақталуына қатысты барлығы 912 тексеру жүргізілді. Оның ішінде жоспарлы 609 және жоспардан тыс – 303.
Атап айтқанда, "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы" заңының талаптарын орындау бойынша 811 тексеру жүргізілді. Оның 788-і мүгедектігі бар адамдарды мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, мәдениет, көліктік қызмет көрсету салаларындағы әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына қолжетімділікпен қамтамасыз етуге байланысты болып отыр.
ҚР "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" заңды сақтау мәселелері бойынша 93 тексеру қолға алынды.
"Тексеру барысында 3 966 бұзушылық анықталды. Оның ішінде 3 602 Қазақстан Республикасының мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы заңнамасын сақтау саласындағы бұзушылықтар. 170 бұзушылық – мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес оңалту іс-шараларын орындамау. 3 432 - мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына, мәдени-ойын-сауық ұйымдары мен спорт ғимараттарына қолжетімділікпен қамтамасыз етпеу. Бақылау субъектілерінің арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы заңнамаға сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемін орындамауы бөлігінде тағы 364 бұзушылық анықталды", - деді ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінен.
Тексеру қорытындысында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында анықталған бұзушылықтарды жою туралы 768 ұйғарым берілді. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 83 және 84-баптары бойынша жалпы сомасы 54,3 миллион теңгеге 317 әкімшілік айыппұл салынды.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту қарастырылған. Бұл оларды ұсыну сапасын және азаматтар үшін қолжетімділікті жақсартуға мүмкіндік береді.
Тиісті жаңғырту аясында арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетудің өтінім беру түрінен проактивті сипатына көшу жоспарланған. Осы мақсатта елімізде арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж азаматтардың Бірыңғай әлеуметтік тіркелімі құрылады. Оның базасында қажеттілік карталары қалыптастырылып, арнаулы әлеуметтік қызметтерді азаматтардың өтінішін күтпей-ақ, автоматты түрде көрсете отырып, ел ауқымында қызметтердің қолжетімділігі айқындалады.
Мүгедектігі бар адамдардың жеке көмекшілері ретінде олардың отбасыларының жұмыс істемейтін мүшелері тартылуы мүмкін. Олар үшін жалақы, әлеуметтік аударымдар қарастырылады, ал жұмыс уақыты зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтіліне есептеледі.
Сондай-ақ интернат-үйлерді ықшамдап бөлу бойынша жұмыстар жүргізу көзделіп отыр. Бұл, әсіресе, ауылдық жерлерде арнаулы қызмет көрсету бойынша шағын жинақты ұйымдар ашқан жеке сектор субъектілері үшін мемлекеттік тапсырысты кеңейту есебінен жасалатын болады.
Тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесіне немесе қандай өмірлік қиын жағдайға тап болғанына қарай әлеуметтік қызметкерлер іс-әрекетінің алгоритмдері кезеңімен-кезеңімен белгіленген арнайы қызметтің қолда бар стандарттары өзектендіріліп, жаңалалары әзірленеді.
Әлеуметтік қызметке мұқтаж адамдарға арнаулы тауарлар мен қызметтерді, қызмет көрсету ұйымдарын таңдаумен қатар, әлеуметтік қызметкерлерді таңдау мүмкіндігі беріледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1997345-qazaqstanda-zyl-basynan-beri-arnauly-aleumettik-qyzmet-korsetu-salasynda-360-tan-astam-zanbuzusylyq-anyqtaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.