Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда әлеуметтік-еңбек саласына қатысты онлайн қызметтер саны артып келеді

Жарияланған күні:

Ноутбук
Фото: pixabay

Бүгінгі таңда Қазақстанда әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтердің 95%-ын электрондық форматта алуға болады, деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік-еңбек саласындағы 45 қолжетімді мемлекеттік қызметтің 43-ін электрондық сипатта алуға болады. Бұл ретте жартысы проактивті түрде, яғни қызметке мемлекеттің өзі бірінші бастама танытады. Осылайша, саладағы цифрландыру деңгейі 95%-ға жетті.

Биыл ғана электрондық үкімет порталында тағы бес мемлекеттік қызмет іске асырылды:

  • "Еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау";
  • "Асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау";
  • "Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайларға әлеуметтік төлем тағайындау";
  • "Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту";
  • "Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу".

Сондай-ақ ағымдағы жылы "Жерлеуге біржолғы төлем тағайындау" мемлекеттік қызметі проактивті сипатқа ауыстырылды.

2022 жылдың басынан бастап енгізілген цифрлық құралдардың арқасында Қазақстан азаматтары 15,6 миллион электрондық мемлекеттік қызмет немесе көрсетілген қызметтердің жалпы санының 87%-ын алды.

Бұдан басқа, министрлік, азаматтар екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары арқылы ала алатын мемлекеттік қызметтер тізбесін кеңейту бойынша жұмыс жүргізуде.

Егер өткен жылы банк платформаларында бала тууға байланысты екі қызмет жүзеге асырылса, биыл тағы төрт қызмет қолжетімді:

  • БЖЗҚ салымшысының қаражатының түсуі мен қозғалысы туралы ақпарат беру;
  • Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға әлеуметтік аударымдардың жай-күйі мен қозғалысы туралы ақпарат беру;
  • Жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама беру;
  • Өтініш берушінің АӘК алушылар қатарына кіретінін растайтын ақпаратты ұсыну.

Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтерді банк қосымшалары арқылы 173 мыңнан астам адам алды.

Еңбек министрлігінің хабарлауынша, бүгінде тағы бірнеше пилоттық жоба іске асырылуда: марапатталған көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау процесін автоматтандыру, сондай-ақ "Азаматтарға арналған үкімет" МК" КеАҚ арқылы мұқтаж жандардың жекелеген санаттарына жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік көмек төлеу.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы Қазақстанда Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Бұл мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндіруші мен жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.

2021 жылы портал арқылы 371 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Ал оңалту бағдарламаларын орындау 2019 жылғы 69%-дан өткен жылы 88%-ға дейін өсті. 2022 жылы бағдарламаларды орындау деңгейі шамамен 90%-ға жетеді деп күтілуде.

Бұл ретте оңалту техникасы мен әлеуметтік қызметтерді ресімдеу қызметтері кезең-кезеңімен проактивті сипатта іске асырылады. Басқаша айтқанда, жеке оңалту бағдарламаларында көзделген барлық шаралар автоматты түрде порталға жіберіледі.

Осы жылдың қыркүйек айынан бастап республикада "отбасының цифрлық картасы" жаңа ақпараттық жүйесі жұмыс істей бастады. Оның негізгі мақсаты мемлекеттік қызметтерді көрсетуді өтінім беруден анықтау сипатына көшіру және халық қажеттілігін уақтылы қанағаттандыру болып табылады.

Қазіргі уақытта Карта арқылы жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрі бойынша қызмет алуға мүмкіндік ұсынылуда. 40,8 мыңға жуық қазақстандық мемлекеттік қызметтерді проактивті ұсыну үшін SMS-хабарлама алды. Оның ішінде 9,2 мың адам бұл тетікті пайдаланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1997638-qazaqstanda-aleumettik-enbek-salasyna-qatysty-onlain-qyzmetter-sany-artyp-keledi/