Елімізде президент сайлауы басталды
Жарияланған күні:
Бүгін, 20 қарашада Қазақстанда президент сайлауы өтуде. Бірінші болып шетелдегі қазақстандықтар дауыс бере алады. Елімізде алғашқы сайлау учаскелері сағат 06:00-де ашылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бірінші болып Токиода тұратын қазақстандықтар дауыс береді. Уақыт белдеуінің айырмашылығына байланысты мұнда сайлау учаскелері Токио уақытымен таңғы сағат 07:00-де, яғни Астана уақыты бойынша 04:00-де ашылған.
Қазақстаннан тыс әлемнің 53 елінде барлығы 68 сайлау учаскесі ашылған.
Айта кетейік, Сыртқы істер министрлігі Украинадағы күрделі жағдайға байланысты бұл жолы елде сайлау учаскелері ашылмайтынын, дауыс беруге ниет білдірген Қазақстан азаматтары көрші елге, мысалы, Польшаға немесе Молдоваға баруға тура келетінін бұған дейін ескерткен болатын.
Қазақстанда учаскелер Астана уақытымен таңғы сағат 07:00-де ашылады. Дегенмен, бұған дейін ОСК хабарлағандай, 86 сайлау учаскесі бір сағат бұрын, яғни сағат 06:00-де ашылып үлгерді.
Айтпақшы, кей қалаларда, соның ішінде елордада бұл күні жол жүру тегін болады. 18 жасқа толған Қазақстанның келген азаматы тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жері немесе кез келген басқа жағдайларға қарамастан Қазақстан президентінің сайлауында дауыс бере алады.
Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтар, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарында отырған адамдар сайлауға қатыспайды.
Азаматтар тұрғылықты жері бойынша дауыс бере алады. Қазақстан азаматы тіркеу мекенжайы бойынша өзі тіркелген сайлау учаскесін анықтайды. Сайлау учаскелерінің шекаралары туралы ақпарат әкімдіктердің сайттарында жарияланады. Басқа қалада дауыс беру үшін азаматтар өз учаскелерінен тіркеуден шығып, сол қалаға тіркеуге тұруы қажет. Дегенмен, Алматыда арнайы учаскелік сайлау комиссиялары жұмыс істейді, онда дауыс беру үшін бір күнге тіркелуге болады. Келесі күні, яғни 21 қарашада жүйе сайлау учаскесінің мекенжайы бойынша тіркелген азаматтарды есептен шығарады.
Дауыс беру үшін қазақстандықтарда төлқұжат, жеке куәлік немесе осы құжаттардың цифрлық нұсқалары болуы қажет. Қазақстанның әрбір азаматы өзі үшін бір рет қана дауыс бере алады – туыстарының, отбасы мүшелерінің орнына, тіпті құжаттары болса да дауыс беру мүмкін емес.
Бұған дейін ОСК сайлауға 12 миллионнан астам бюллетень дайындалғанын хабарлаған. Бұл ретте елімізде 11,9 миллион қазақстандық белсенді сайлау құқығына ие.
Әрбір сайлау бюллетенінің мәтіні екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде жазылады. Сондай-ақ, әрбір сайлау учаскесінде зағип жандарға арналған Брайль қарпімен жазылған трафарет болуы керек. Бұл сайлауда қазақстандықтарды жаңашылдық күтіп тұр – бюллетеньдерде "Барлығына қарсымын" бағаны пайда болды.
Еске сала кетейік, президенттік сайлауда алты кандидат қатысуда.
Қарақат Әбден
48 жастағы Қарақат Әбден Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Астана қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, елордалық қоғамдық кеңестің мүшесі. Оны "Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы" ҮЕҰ ұсынған.
Нұрлан Әуесбаев
Нұрлан Әуесбаев 65 жаста. Ол - Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Астана қалалық филиалының төрағасы. Мамандығы бойынша – заңгер-экономист. Оны Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) ұсынды.
Жигули Дайрабаев
68 жастағы Ауыл халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшесі (оны президенттікке кандидат етіп ұсынған) Атамекен ҰКП Төралқасының Агроөнеркәсіптік кешен комитетінің төрағасы және Ауыл партиясының төрағасы. Қазақстан фермерлер қауымдастығы төрағасы.
Мейрам Қажыкен
61 жастағы Павлодар облысының тумасы экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазіргі қоғамды зерттеу институтының директоры. Экономика министрлігінде, Көлік және коммуникация министрлігінде, сондай-ақ Премьер-министр кеңесшісі болып жұмыс істеген. Оның кандидатурасын президенттікке Аманат Қазақстан кәсіподақтары достастығы республикалық кәсіподақтар бірлестігі ұсынған болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Кемелұлы 69 жаста. Еңбек жолын 1975 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінде бастаған. Осы жылдар ішінде Қазақстанның Сыртқы істер министрі, премьер-министр, сенат төрағасы, Біріккен ұлттар ұйымы бас хатшысының орынбасары болды.
2019 жылы ол сайлаушылардың 70,96 пайыз дауысын жинап, Қазақстан президенті болып сайланды. Бұл сайлауға оны бірнеше партия мен қоғамдық бірлестіктер кіретін Халық коалициясы ұсынды.
Салтанат Тұрсынбекова
Тұрсынбекова 56 жаста. Осы жылдар ішінде мемлекеттік органдарда, Жоғарғы сотта жұмыс істеген, Астана қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі және "Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" жобасының жетекшісі. Оның кандидатурасын "Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған.
Айта кетейік, дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауыстарының 50 пайызынан астамын алған кандидат сайланған болып саналады.
- Жигули Дайрабаев Нұрлан Әуесбаевты дебатқа шақырды (видео)
- Қазақстан президенттігіне кандидаттарды тіркеу аяқталды: мемлекет басшылығына кімдер үміткер
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1997960-elimizde-prezident-sailauy-bastaldy/