Тоқаев: Бүгін сенат депутаттарының сайлауын тағайындау туралы жарлыққа қол қоямын
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін парламент сенаты депутаттарының сайлауын тағайындау туралы жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді. Бұл туралы президент Астанада өткен ұлықтау рәсімі барысында айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мемлекет басшысы салтанатты жиын барысында сөйлеген сөзінде, Қазақстан саяси жаңғыру үдерісін жалғастыратынын атап өтті.
"Мемлекеттік құрылыста біз "күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет" формуласын нақты ұстанамыз. Президент сайлауы биліктің барлық негізгі институтын дәйекті түрде жаңғырту үдерісін бастауға жол ашты. Сайлау ауқымды электоралды циклдің бастапқы кезеңі болды.
Біз саяси жаңғыру үдерісін жоспарлы түрде жалғастырамыз. Бүгін мен "Қазақстан Республикасы парламенті сенаты депутаттарының сайлауын тағайындау туралы" жарлыққа қол қоямын. Осылайша, жоғарғы палата депутаттарының кезекті сайлауы конституциялық реформаны нақты жүзеге асырудың жалғасы болмақ. Сайлау қорытындысы бойынша сенаттың депутаттық корпусының бір бөлігі бәсекелестік және ашықтық қағидаттары негізінде жаңарады.
Бұдан бөлек, бүгін мен конституциялық реформаны жүзеге асырудың келесі сатысы ретінде "Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының кейбір мәселелері туралы" Жарлыққа қол қоямын. Келесі кезең – оны толыққанды трансформациялау", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1999041-toqaev-bugin-senat-deputattarynyn-sailauyn-tagaiyndau-turaly-zarlyqqa-qol-qoyamyn/