Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Биыл Қызылорда облысында “Жасыл экономикаға” көшу бағытында қандай қадамдар жасалды

Жарияланған күні:

Қызылорда облысы
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Соңғы жылдары климаттың өзгеруі салдарынан әлемдік экономикада “жасыл энергетикаға” көшу беталысы ауқымды түрде байқалуда. Ал осы тұста Қызылорда облысында “Жасыл экономикаға” көшу бағытында қандай қадамдар жасалды?

“Жасыл экономиканы” дамытудың маңыздылығын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқанд қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде де атап өтті.

Оның мәліметінше, әлем елдері соңғы 7 жылда «жасыл» облигацияларға 2,5 триллион доллардан астам қаржы бөлген. Президент бұл саладағы капитал нарығын дамыту үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының Жасыл қаржы орталығы негізінде «Түркі жасыл қаржы кеңесін» құруды ұсынды.

Қазақстан бұл бағытта жоспарлы шаралар жүргізуде. «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдама қабылданып, іске асырылуда, тиімді заңнамалық база құрылды, озық халықаралық тәжірибені ескере отырып жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) ең тиімді жобаларын іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттық тетігі енгізілді.

Еліміз өндірілетін электр энергиясының жалпы көлемінде ЖЭК-тің үлесін 2030 жылы 10%-ға дейін, ал 2050 жылға қарай баламалы электр энергиясымен 50%-ға дейін жеткізу туралы өршіл міндет қойды.

Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде бүгінгі күнге жиынтық қуаты 2388 МВт болатын ЖЭК-тің 130 нысаны жұмыс істеп тұр. Орнатылған қуаттың көп бөлігі – 48,2%-ы немесе 1150 МВт күн электр станцияларына, 40,0%-ы немесе 1150 МВт жел электр станцияларына, 11,7%-ы немесе 280 МВт гидроэлектр станцияларына, аз мөлшері 1,82 МВт биогазэлектр станцияларына тиесілі.

ЖЭК
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Биылғы жылдың 9 айында ЖЭК объектілерімен өндірілген электр энергиясының көлемі 3,9 млрд кВт-сағатты құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21%-ға артқан. Сонымен ЖЭК-тің үлесіне елімізде өндірілген барлық электр энергияның 4,6% келіп тұр.

Байқап отырғанымыздай, соңғы 5 жылда ЖЭК объектілерінің орнатылған қуаты 7 есе (2017 жылы 341 Мвт), ал ЖЭК-тің үлесі 4 есе (2017 жылы 1,1%) өскен. Бұл – «жасыл» энергетика саласындағы серпілістің айқын көрінісі.

Аталған жетістіктерде Қызылорда облысының да үлесі бар. Географиялық орналасуы мен климаттық жағдайы арқасында өңірдің күн энергиясын өндіруде әлеуеті жоғары. Күн сәулесінің ұзақтығы жылына 2000-3000 сағатты құрайды.

Бұл артықшылықты ескере отырып, өңірде аталған энергия көзін пайдалануға айрықша көңіл бөлінуде. Бүгінгі күні Қызылорда облысында жиынтық қуаты 89 Мвт-ты құрайтын 9 күн электр станциясы жұмыс жасауда. Оның үшеуі салыстырмалы түрде ірі және шетелдік инвесторлардың қатысуымен салынған.

Ең ірісі – «Baikonyr solar» қазақ-британиялық компанияға тиесілі қуаттылығы 50 Мвт күн электр станциясы Шиелі ауданында, «Total Eren» франциялық компанияға тиесілі қуаттылығы 28 Мвт күн электр станциясы Жалағаш ауданында, «Hevel» ресейлік компанияға тиесілі қуаттылығы 10 Мвт күн электр станциясы Жалағаш ауданында орналасқан.

«Бұл үш күн электр станциясының құрылысы өңірге $108 млн. инвестиция тартуға, 60 жұмыс орнын ашуға, электр энергиясы тапшылығының бір бөлігін жабуға, сондай-ақ атмосфераға шығарылатын CO2 шығарындыларын жылына 122 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік берді» - деп атап өтті «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ның өңірлік директоры Мұрат Балабаев.

ЖЭК
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Тағы да бірқатар күн электр станцияларының құрылысы жоспарлануда. Жуырда, 2022 жылдың 10 қарашасында қуаттылығы 20 Мвт күн электр станциясы жобасын іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттық өтті. Аукцион қорытындысымен «Тесис» ЖШС қазақстандық компаниясы жеңімпаз болып анықталды. Жобаны Арал ауданында 50 га аумақта орналастыру жоспарлануда. Келісімшарт бойынша жобаны іске қосу мерзімі – 2024 жыл.

Бұған қоса, Шиелі ауданында тағы бір күн электр станциясының құрылысы күтілуде. Сонымен қатар, жел энергиясын және «жасыл» сутегісін өндіру бойынша жобаларды өңірде іске асыру мәселелері пысықталуда.

Аймақта дәстүрлі энергия көздерін де дамыту жалғасуда. «Aksa energy» түрік компаниясы Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 МВт қазіргі заманғы жылу беру электр станциясын салу жұмыстарын жүргізуде. Электр станциясының қуаты өңірдің сұранысын толықтай қанағаттандыруға жетеді. Осының арқасында Қызылорда облысы электр энергиясын импорттаушы аймақтан экспорттаушыға айналады.

ЖЭК жобалары инвестициялық преференциялар беру қаралған қызметтің басым түрлерінің тізбесі кіреді. «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы «жасыл» энергетика бойынша жобаларды іске асырушы инвесторларға оқыту вебинарларын ұйымдастыру арқылы аукциондық сауда-саттыққа қатысуға, инвестициялық келісімшарт жасасуға және жобаларды сүйемелдеуге қолдау көрсетуде.

Тұтынушыларды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету өңірлердің экономикалық өрлеуінің кепілі болып табылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2000384-biyl-qyzylorda-oblysynda-zasyl-ekonomikaga-kosu-bagytynda-qandai-qadamdar-zasaldy/