Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мемлекет басшысы жаңадан тағайындалған облыс әкімдерін қабылдады (фото)

Опубликовано:

БҚО әкімі Нариман Төреғалиев президент қабылдауында
БҚО әкімі Нариман Төреғалиев президент қабылдауында. Фото: Ақорда

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҚО, СҚО, Павлодар және Қостанай облыстарының әкімдерін қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Өз кезегінде, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев президентке өңірдің биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы баяндаған. Сондай-ақ инвестициялық жобалардың және Жұмыспен қамту жол картасының жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берген.

Ал күні кеше Павлодар облысының әкімі болып тағайындалған Асайын Байханов Екібастұз ЖЭС-інің жылу желілеріндегі апаттың салдарын жоюға бағытталған шаралар жөнінде есеп берген.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов президент қабылдауда
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов президент қабылдауда. Фото: Ақорда: Ақорда

Айтуынша, Екібастұз қаласының жылу жүйесін қалпына келтіру жұмыстары 15 желтоқсанға дейін аяқталады. Асайын Байханов кездесу барысында облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері және ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл халқын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, көлік инфрақұрылымы мен тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы туралы да баяндаған.

Бұдан кейін мемлекет басшысының қабылдауында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров болған. Ол өңірді дамыту жоспары мен берілген тапсырмалардың орындалуы жөнінде мәлімет берген.

СҚО әкімі Айдарбек Сапаров президент қабылдауында
СҚО әкімі Айдарбек Сапаров президент қабылдауында. Фото: Ақорда

Сонымен бірге бүгін Қостанай облысының жаңа әкімі Құмар Ақсақалов та президент қабылдауында болып, өңірдің қазіргі әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы есеп берген.

Бұдан бөлек аймақтағы әлеуметтік-экономикалық өсім мен облысқа инвестиция тарту жөнінде баяндаған. Құмар Ақсақалов президентке Қостанайда өтетін ХІХ өңіраралық форумға дайындықтың басталғанын да мәлім еткен.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов президент қабылдауында
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов президент қабылдауында. Фото: Ақорда

Кездесу соңында мемлекет басшысы жаңадан тағайындалған облыстардың әкімдеріне өңірлерді дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берген. Сондай-ақ ауыл шаруашылығына жан-жақты қолдау көрсету арқылы ауылдардың өркендеуін қамтамасыз етуді, инфрақұрылымдарды жаңғыртып, көлік-логистикалық ахуалды жақсартуды тапсырған. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2000677-memleket-bassysy-zanadan-tagaiyndalgan-oblys-akimderin-qabyldady/

pixel