Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Президент Қазақстан интеграцияны дамытуға мүдделі екенін мәлімдеді

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық кеңесінің отырысында Қазақстан интеграцияны дамытуға мүдделі екенін жеткізді, деп хабарлайды БОРТN1 Telegram арнасы.

Бішкекте өтіп жатқан Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан ЕАЭО туралы шартқа сәйкес, экономикалық интеграция процесін жетілдіру және оңтайландыру үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

"Қазақстан интеграцияны дамытуға мүдделі екенін тағы да атап өтемін. Қазақстан тарапынан интеграциялық процестерді тежеу туралы сөз болуы мүмкін емес. Қазақстан, керісінше, ЕАЭО туралы шартқа толық сай келетін экономикалық интеграция процесін жетілдіру және оңтайландыру үшін барлық күш-жігерін жұмсайды.

Біздің халықтарымыз, әрине, Қазақстан халқы да, біздің кәсіпкерлеріміз де мұндай интеграцияның пайдасы мен нәтижесін көруі тиіс. Дегенмен көзделген көптеген интеграциялық бағыт бойынша біз әлі де «кібіртіктеп» тұрмыз. Мысалы, Одақтың цифрлық күн тәртібіндегі жұмыстардың нәтижесі көрінбейді. Қазақстан бұл бағытта айтарлықтай алға жылжыды. Бүгінде біз әлемнің цифрландырылған отыз мемлекетінің қатарына кіреміз.

Елімізде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта көрсетіледі. ІТ технологиялар мен инновациялардың бәсекеге қабілетін арттыру үшін заңнамалық негіздер жасалды. IT стартаптарының халықаралық технопаркі табысты жұмыс істейді. Криптоиндустрия дамып, цифрлық теңге енгізіліп жатыр.

Осының бәрін интеграцияны дамытуға, еуразиялық ауқымдағы жобаларды жасауға пайдалануымыз керек деп есептеймін. Одақ ретінде біздің міндетіміз – жаңа цифрлық технология, крипто-экожүйе, финтех саласында жетекші рөл атқару. Бұл міндетті толық орындауға болады. Сонымен қатар Ресейдің, Беларусьтің және Арменияның мұндай салаларда тарихи тұрғыдан айтарлықтай тәжірибесі бар. Біз Одаққа мүше елдерді осы бағыттағы жұмысты жандандыруға шақырамыз", - деді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бірқатар мемлекеттердегі елшілерін тағайындаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2000924-prezident-qazaqstan-integraciyany-damytuga-muddeli-ekenin-malimdedi/