Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Бастықтар үнемі бүйрегі бұрып тұратын адамдарымен қоштасуына тура келеді

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: t.me/KZgovernment

Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылы орталықта және жергілікті жерде ауқымды кадрлық өзгеріс болатынын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Telegram-дағы БОРТ N1 арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Әділетті әрі дамыған мемлекет құру үшін жаңа кадр саясатын жүргізу керек. Алдағы өзгерістер, ең алдымен, адам капиталына қатысты болады. Жаңа кадр саясаты меритократия және кәсібилік қағидаттарына негізделеді. Біз бірінші басшыларды осы қағидаттар бойынша тағайындаймыз.

Сонымен бірге олардың орынбасарлары қаншалықты білікті екенін саралау қажет. Өйткені тұтас салалардың және аймақтардың дамуы көбіне орынбасарлардың жұмысына байланысты болады. Вице-министр және әкім орынбасары лауазымдарына нағыз кәсіби мамандар тағайындалуға тиіс.

Мұндай қызметке жұртпен тілдесе алатын, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар келуі керек. Яғни, шешім қабылдай алатын және жауапкершіліктен қорықпайтын азаматтар қажет. Олардың әділ, еңбекқор және отаншыл болуы аса маңызды", - дейді президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстанға тиімді жұмыс істейтін технократтар қажет.

"Келесі жылы біз орталықта және жергілікті жерде ауқымды кадрлық өзгеріс жасаймыз. Бастықтардың үнемі бүйрегі бұрып тұратын адамдарымен қоштасуына тура келеді. Олардың орнын жаңа кадрлар басады. Қазақстанға тиімді жұмыс істейтін технократтар қажет. Министрлер және әкімдер өзіне қолайлы адамдарды ғана қызметке тағайындайтын әдетті доғаруға тиіс.

Министрліктердің өзінде "керек адамын" тағайындау үшін заң талаптарын аттап өтетін немесе қалауынша өзгертіп алатын жағдайлар бар. Бұл әрекеттер барлық жерде кездеседі. Жер инспекциясы, құқық қорғау саласы, ревизиялық комиссия және басқа да бақылау органдары жергілікті биліктің ықпалында болмауы керек.

Әділ бәсеке болмаса, кәсіби мамандар мемлекеттік қызметке қызықпайды. Дарынды жастар мемлекеттік қызметке келуге құлықсыз. Аймақтарда тек сол өңірдің азаматтары жұмыс істеуі керек деген қасаң түсініктен арылу керек. Адамның білікті болуы оның туған жеріне байланысты емес. Жұмыстың нақты нәтижесімен ғана бағаланады", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, сонымен бірге квазимемлекеттік секторда тәртіп орнататын кез келді.

"Корпоративтік басқарудың икемді болуы – ойыңа не келсе, соны істеу деген сөз емес. Азаматтарды қызметке тағайындау барынша ашық және әділ болуға тиіс. Себебі, бұл – ең алдымен, халыққа тиесілі мекемелер. Президент әкімшілігі мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы тағайындауларды үнемі бақылауда ұстап отыруы керек.

Жеке адамдардың мүддесін көздейтін кез келген әрекетке тосқауыл қойылуға тиіс. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жеке сектордағы білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тарту үшін қолайлы жағдай жасауы қажет. Елімізді өркендетеміз десек, бәріміз бір ел болып күш жұмылдыруымыз керек", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2001149-toqaev-bastyqtardyn-unemi-buiregi-buryp-turatyn-adamdarymen-qostasuyna-tura-keledi/

pixel