Қызылордада 1 жыл ішінде 19 мың отбасы көгілдір отынның игілігін көруде
Жарияланған күні:
Қызылорда өңірінде барлық аудан орталығы толықтай газға қосылған. Қазірдің өзінде аймақта тұрғындардың газ тұтыну деңгейі 68 пайызға жетті.
Президент тапсырмасы аясында межеленген міндеттер өз уақытында орындалып, әр жыл сайын бірнеше елдімекенге табиғи газ тартылып, тұрғындар көгілдір отынның игілігін көруде.
Биыл елдімекендерді газдандыруға арналған 14 жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 8,7 млрд теңге қаржы бөлінген. 14 жобаның 8-і биыл аяқталса, қалған 6-ы келер жылы жүзеге асырылмақ.
Осы жылы Шиелі ауданындағы Алғабас және Ақмая ауылдары, Тереңөзек кентіндегі газдандырылмай қалған көшелерге газ құбыры тартылып, Қазалы ауданындағы Қазалы қаласын газдандыру жұмыстары толық аяқталды.
Ал Жаңақорған ауданындағы Бірлік және Қыраш, Қазалы ауданы Пірімов, Жалаңтөс батыр, Басықара елдімекен тұрғындары да жақын күндері көгілдір отынның жылуын сезініп, көмір жағып, күл шығару мехнатынан арылады.
Биылғы жылдың ІІ жартыжылдығынан бастап Қармақшы ауданындағы Төретам кенті мен Ақай ауылы, Арал ауданындағы Сексеуіл кентін газдандыру жұмыстары басталып кетті. Шиелі ауданындағы Тартоғай елдімекенінде автоматты газ тарату станциясын орнату жобалары да қатар жүзеге асады.
Жобаларды іске асыру нәтижесінде биыл облыстың 19 мыңға жуық тұрғыны табиғи газқа қосылып, көгілдір отынның игілігін көреді.
Айту керек, өткен жылы басталған Қызылорда қаласына қарасты Наурыз және Махамбет елдімекендерін газдандыру жобасының құрылыс жұмыстары 2023 жылы жалғасын табады. Дегенмен бұл жобаны да мердігер өз қаражатымен биыл аяқтауға ниетті.
Әкімдік келер жылы Энергетика министрлігіне 15 жобаға өтінім ұсынды. Салалық министрліктен қолдау тапса, Сыр еліндегі бірнеше ауылға, қаланың шеткері аймақтарындағы тұрғын үйлерге алау оты жағылады. Мәселен, қала маңындағы Абай мен Досан ауылы, Шиелідегі Бестам, Еңбекші, Жиделіарық, Жаңақорғандағы Жайылма ауылы, Шалқия, Құттықожа, Төменарық және Кейден елдімекеніне газ жеткізу жоспарланған.
Облыс орталығына жақын Сырдария ауданына қарасты С.Сейфуллин, Қалжан ахун, Жалағаштағы Ақсу ауылдары да бұл тізімде тұр.
Аймақта 2027 жылға дейін тағы 45 елдімекенді көгілдір отынмен қамту жоспарда бар. Нәтижесінде, облыстың газдандыру деңгейі 85 пайызға жетеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2001310-qyzylordada-1-zyl-isinde-19-myn-otbasy-kogildir-otynnyn-igiligin-korude/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.