Үкімет жиынында балық шаруашылығын дамыту мәселесі қаралды
Жарияланған күні:
Бүгін Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында балық шаруашылығын дамыту және жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау мәселелері қаралды.
Жиынға министрлер мен селекторлық байланыс арқылы өңір әкімдері қатысты.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев баяндама жасап, өткен жылы сәуірде қабылданған балық саласын дамыту бағдарламасын іске асырудың нәтижесінде 2030 жылға қарай 270 мың тоннаға дейін балық өсіру, балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғайту және импорт көлемін 45 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін азайту жоспарланғанын мәлімдеді.
Үкімет басшысы балық шаруашылығы саласына инвестициялар тарту жұмысын күшейту қажет екенін атап өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Кешенді жоспарға 675 мемлекеттік меншік және квазимемлекеттік сектор нысаны енгенін жеткізді.
Премьер-министр объектілердің сату алдындағы дайындық сапасына жеткілікті деңгейде көңіл бөлу керектігін қаперге салып, Кешенді жоспарды толыққанды іске асыру үшін жекешелендіру процесінің ашықтығын арттыруды тапсырды.
Селектордан кейін үкімет басшысының тапсырмаларын орындау бағытында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиын өткізіп, Қызылорда облысы бойынша жекешелендірудің кешенді жоспарында көзделген іс-шаралар орындалғанын тілге тиек етті.
Облыста балық шаруашылығын дамыту бағытында аймақ басшысы жауапты тұлғаларға көлдерді тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін экологиялық су жіберу кезінде суды көлдерге мүмкіндігінше толтыру мақсатында гидротехникалық құрылыстар салу бойынша ұсыныстар енгізу және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша табиғат пайдаланушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
"Біздің облыс күріштен кейінгі балықпен мақтана алатындай болуы тиіс. Оған барлық мүмкіндіктеріміз бар. Облыста Кіші Арал теңізі және балық шаруашылығына маңызы бар 207 көл бар. Қазіргі таңда Шардарадан төменге көп көлемде 500 м3/сек су түсіп жатыр. Сондықтан, суды көлдерге толтыруға мүмкіндігінше тиімді жұмыс жасауымыз қажет", - деді аймақ басшысы.
Жиын соңында Нұрлыбек Нәлібаев қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына жылдың аяқталуына аз ғана уақыт қалғанын қаперге салып, бюджет қаражатын уақыты әрі сапалы аяқтау керек деді. Бұл ретте "қаржыны игеру қажет екен" деп сапасыз жұмысқа бюджет қаражатын бағыттау дұрыс емес екенін ашып айтты.
Облыс әкімі жаңадан салынатын нысандардың құрылысын дұрыс жоспарлау мәселесіне де жете көңіл бөлу қажеттігін жасырмады. Әсіресе, "Жайлы мектеп" ұлттық жоба аясында өңірде салынатын 21 мектептің балаларға ыңғайлы және тұрғындарға қолайлы болуы керек екенін аудан әкімдері жеткілікті деңгейде мән беруі тиіс деді.
Айта кетейік, балық қорын сақтау және оны жасанды өсімін молайту жолымен қайта жаңғырту мақсатында жыл сайын Қамыстыбас балық питомнигінде 15 млн. дана балық шабағы өсіріліп, Кіші Арал теңізімен су айдындарына жіберілуде.
Облыстық бюджет есебінен Арал қаяз балығының генофондын сақтау үшін жыл сайын күріш алқаптарынан 10 мың дана шабағы құтқарылып, Сырдария өзені мен көлдерге жіберілуде.
Биыл 8,2 млн дана балық шабағы құтқарылып, су айдындарына жіберілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2001319-ukimet-ziynynda-balyq-saruasylygyn-damytu-maselesi-qaraldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.