Президент "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталовты қабылдады
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаев "Атамекен" ҰКП президиумының төрағасы Райымбек Баталовты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.
Кездесу барысында Райымбек Баталов президентке отандық кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар, мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастық, ұлттық кәсіпкерлер палатасын трансформациялаудың негізгі бағыттары туралы баяндаған.
Сондай-ақ ол мемлекет басшысына палатаның функциясына жатпайтын қызметтерге талдау жасалып, қысқартылғанын, олардың бәсекелік ортаға берілгенін, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бюджет бағдарламасына тәуелділігі түбегейлі азайғанын жеткізген.
Сонымен қатар кездесуде еліміздегі кәсіпкерлікті дамытудың негізгі бағыттарына ерекше назар аударылған. Жоғары әлеуметтік жауапкершілік, адалдық, салық адалдығы, экологиялық талаптарды сақтау және басқа маңызды қағидаттарды берік ұстанатын кәсіпкерлердің жаңа буыны пайда болу үшін жағдай жасау қажеттігі айтылған.
Ақорданың мәліметінше, қазіргі уақытта палата мейлінше жедел шешуді қажет ететін және стратегиялық басымдыққа ие мәселелерді анықтау үшін терең талдау жүргізуде. Аталған түйткілдердің үкіметпен және әкімдіктермен тығыз серіктестікте шешілуі экономиканы тиімді әртараптандыруға, жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыруға және қолайлы бизнес ахуал қалыптастыруға септігін тигізеді.
Бұдан бөлек президент Ұлттық кәсіпкерлер палатасының есебін тыңдап, стратегиялық шешімдер қабылдау кезінде бизнестің мүддесін ескеру маңызды екенін, сондай-ақ отандық кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру үшін ұсынылған шаралар мен "Атамекенді" трансформациялау тәсілдерінің өзектілігін атап өткен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2002264-prezident-atameken-kasipkerler-palatasynyn-toragasy-raiymbek-batalovty-qabyldady/