Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев пен Мирзиеев шағын құрамда келіссөз жүргізді

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев және Шавкат Мирзиеев
Қасым-Жомарт Тоқаев және Шавкат Мирзиеев. Фото: Ақорда

Қазақстан мен Өзбекстан президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық көрсетіп қарсы алған Шавкат Мирзиеевке ризашылығын білдіріп, мемлекеттік сапардың маңыздылығын атап өтті.

 "Біз Өзбекстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Қазақ пен өзбек – ежелден достығы мызғымас, сыйластығы жарасқан бауырлас халықтар. Екі елдің салт-дәстүрі, мәдениеті, тілі, діні ұқсас. Тарихы тамырлас, тағдырлас елдеріміздің мақсат-мұраты да ортақ. Сондықтан мен бүгінгі сапарға айрықша мән беремін.

Біз тату көршілікке және сенімді серіктестікке негізделген қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереміз деп сенемін. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық неғұрлым тығыз және табысты болса, Орталық Азиядағы ахуал соғұрлым тұрақты болады", – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Өзбекстан президентінің жолдауымен танысқанын және бұл маңызды құжат Өзбекстанның одан әрі табысты дамуына жол ашатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев және Шавкат Мирзиеев
Қасым-Жомарт Тоқаев және Шавкат Мирзиеев. Фото: Ақорда

Шавкат Мирзиеев өз кезегінде Қазақстан президентін сайлаудағы жеңісімен құттықтап, Өзбекстанға мемлекеттік сапармен келу туралы шақыруын қабыл алғаны үшін ризашылығын білдірді. Өзбекстан президентінің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары екі ел қарым-қатынастарының дамуына тың серпін беріп, қол қойылатын құжаттар нақты іс-әрекеттерге берік негіз болады.

Бұдан бөлек екі елдің президенттері саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге көңіл бөліп, қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылаған. Атап айтқанда, екі ел – Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктестер. Биыл сауда айналымы 35 пайызға өсіп, 5 миллиард долларға жуықтаған. Мұндай көрсеткішке өнеркәсіп, машина жасау, логистика, көлік, энергетика және басқа да салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы қол жеткізілгеніне назар аударылған.

Сондай-ақ кездесу барысында тараптар жаһандық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2002641-qazaqstan-men-ozbekstan-prezidentteri-sagyn-quramda-kelissoz-zurgizdi/

pixel