Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан мен Өзбекстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Опубликовано:

Қазақстан мен Өзбекстанның кеңейтілген құрамдағы келіссөзі
Қазақстан мен Өзбекстанның екі жақты келіссөзі. Фото: Ақорда

Шағын құрамдағы кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиеев екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

Кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстан президенттері сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде өзара тауар айналымын ұлғайтуға, инвестиция тартуға, өнеркәсіп, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, транзит әлеуеті және көлік логистикасы салаларындағы кооперацияны дамытуға баса мән берген. Сондай-ақ білім беру және мәдени-гуманитарлық салаларда өзара іс-әрекет мәселесі де талқыланған.

Мемлекет басшысы шағын құрамда өткен келіссөз нәтижесіне жоғары баға беріп, екіжақты ынтымақтастықты достық, тату көршілік қарым-қатынас және өзара қолдау рухында кешенді түрде кеңейтуге ниетті екенін жеткізген.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдеріміз бүгінде мемлекетаралық серіктестікке үлгі болатындай берік әрі үйлесімді қарым-қатынас орнатқанын да атап өткен.

"Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қою біздің мемлекетаралық байланыстарымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Егер біз шартты тарихи маңызы бар құжат деп атайтын болсақ, бұл асыра айтқандық емес деп ойлаймын. Бұл аса маңызды құжат біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады және екі елдің өзара ынтымақтастықты нығайтуға деген ортақ ұмтылысын білдіреді.

Бұдан бөлек, бүгін Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шартқа қол қойылады. Бұл тарихи келісім Қазақстанның оңтүстігіндегі мемлекеттік шекарасын халықаралық-құқықтық тұрғыда рәсімдеу ісін толығымен аяқтайды", – дейді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Сонымен қатар мемлекет басшысы кездесуде одақтастық қарым-қатынасты нығайту жолындағы бірлескен іс-әрекеттер бүкіл Орталық Азияның орнықты дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатынын атап өткен. 

Бұдан бөлек келіссөз барысында президенттер екіжақты ынтымақтастықтың саяси тұғырнамасын бекемдей түсетін Жоғары мемлекетаралық кеңес пен Парламентаралық кеңес құру жөнінде уағдаласқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев тараптар түрлі халықаралық құрылымдар мен механизмдер аясында табысты жұмыс жүргізіп келе жатқанын айтқан. Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның ұстанымдары ортақ, көзқарастары ұқсас.

Өз кезегінде Шавкат Мирзиеев шағын құрамдағы келіссөздің нәтижелі болғанын атап өтіп, тауар айналымының ұлғайғанына және бірлескен жобалардың сәтті жүзеге асырылып жатқанына тоқталған.

Өзбекстан тарапы
Өзбекстан тарапы. Фото: Ақорда

"Сіздің мемлекеттік сапарыңыз біздің ғасырлар бойы қалыптасқан достық, тату көршілік және өзара қолдау сипатындағы байланыстарымыздың қаншалық берік екенін тағы нақтылай түседі. Біздің халықтарымыздың тарихы мен тағдыры бір-бірімен біте қайнасқан. Елдеріміздің тарихи тамыры ортақ әрі біз өзекті мәселелерді бірлесе шешеміз", – дейді Өзбекстан президенті.

Сондай-ақ кетараптар мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуына оң баға берген. Екі ел халқының ортақ рухани-мәдени құндылықтарын байыта түскен Қазақстан мен Өзбекстанның мәдениет күндері табысты өткен.

Келіссөз барысында елдеріміздің білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселесі де қарастырылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2002657-qazaqstan-men-ozbekstan-prezidentteri-keneitilgen-quramda-kelissoz-zurgizdi/

pixel