Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ішкі істер министрі Тоқаевқа ведомствоның былтыр атқарған жұмысы жөнінде есеп берді

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев және Марат Ахметжанов
Қасым-Жомарт Тоқаев және Марат Ахметжанов. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Марат Ахметжановты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

Кездесу барысында Ішкі істер министрі президентке ведомствоның былтыр атқарған жұмысы мен алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде есеп берген.

Сондай-ақ құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндаған. Бұл шаралар елімізде кісі өлтіру қылмыстарының санын айтарлықтай азайтуға ықпал еткен. Бұдан бөлек ұрлыққа және мал ұрлығына қатысты қылмыстарды ашу жұмыстары күшейтілген.

Марат Ахметжановтың айтуынша, ұйымдасқан қылмыстың шығу себептері мен қаржыландыру көздерін жоюға басымдық бере отырып, оларға қарсы күрес тәсілдерін өзгерту нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың (ҰҚТ) 24 басшысы мен 114 мүшесі тұтқындалған.

Ішкі істер министрі президентке киберқылмыспен күресу үшін қабылданып жатқан шаралар туралы да баяндаған. Мәселен, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру барысында ұялы байланыс компаниялары "ауыспалы" нөмірлерден шалынған 5,5 миллион қоңырауды бұғаттаған. Министрлік алты ұйымдасқан қылмыстық топты жойып, алаяқтық белгілері бар 165 сайттың жұмысын тоқтатқан.

Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі басқа құқық қорғау және арнаулы органдармен бірлесіп, 2781 есірткі қылмысын анықтаған. Заңсыз айналымнан 15 тоннадан астам есірткі тәркіленіп, 70 есірткі зертханасы жойылған және есірткі жарнамалайтын 1990 сайт бұғатталған.

Кездесу соңында мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, интернет-алаяқтықтың, ауылдық жерлердегі қылмыстың кез келген көрінісі бойынша алдын алу шараларын қабылдаудың және жедел әрекет етудің маңызды екенін атап өткен.

Президент бұл бағытта ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, заңнамалық шаралар қабылдауды тапсырған. Сондай-ақ ведомство басшысына елімізде жол қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде бірқатар міндет жүктеген. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2004418-iski-ister-ministri-toqaevqa-vedomstvonyn-byltyr-atqargan-zumysy-zoninde-esep-berdi/

pixel