Конституциялық сот Тұңғыш президент туралы заңның күшін жою туралы қаулы шығарды
Жарияланған күні:
Қазақстанның конституциялық соты "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы" заңның күші жою туралы қаулы шығарды. Бұл туралы Конституциялық соттың ресми сайтында хабарланды.
Конституциялық соттың мәліметінше, Конституциялық сот отырысында парламенттің бір топ депутатының өтініші қаралған.
"2022 жылғы 5 маусымда Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы ретінде өз билігін тікелей республикалық референдум арқылы жүзеге асыра отырып, Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі мен өкілеттігін, оларды конституциялық заңмен регламенттеу мүмкіндігін, Қазақстан Республикасының Конституциялық кеңесіне ғұмыр бойы мүшелігін, сондай-ақ оның арнаулы артықшылықтарын – мәртебесінің өзгермеуін, қатарынан екі реттен артық президент болып сайлануға шектеудің қолданылмауын Конституциядан алып тастады", - делінген Конституциялық сот хабарламасында.
Бұдан бөлек 2022 жылдың конституциялық реформасымен заңшығарушылық процесінің тәртібі өзгертілді және 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап парламент конституциялық заңдарды палаталардың бірлескен отырысында кемінде екі оқылым өткізе отырып, қабылдайтын болды.
"Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" Қазақстан Республикасының дербестендірілген Конституциялық заңының қолданылуының конституциялық-құқықтық негіздерін және Конституциядағы Тұңғыш президентке қатысты басқа да атап өтулерді алып тастаған республикалық референдум өткеннен кейін, осы Конституциялық заңның қолданыстағы заңнамада сақталуы Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңартылған редакциясымен келісілмейді", - деп қосты соттан.
Нәтижесінде Конституциялық сот "Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті - Елбасы туралы" заңның күші жойылды деп тану туралы қаулы шығарды.
"2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясынан 46-баптың 4-тармағы мен өзге де нормаларды алып тастау туралы Қазақстан халқының қалауын негізге ала отырып, қазіргі уақытта Конституцияда "Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті - Елбасы туралы" Конституциялық заңының Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңында сақталуына құқықтық негіздер жоқ деп тану қажет, осыған байланысты оның күші жойылды деп танылуға жатады", - делінген Конституциялық сот хабарламасында.
Сондай-ақ хабарламада құжат қабылданған күннен бастап күшіне енетіні, республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылатыны және шағымдануға жатпайтыны айтылған.
Айта кетейік, бұған дейін тұңғыш президент туралы заңның күшін жоятын түзетулер мәжіліс қарауына қабылданғанын хабарлаған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2004877-konstituciyalyq-sot-tungys-prezident-turaly-zannyn-kusin-zoidy/