Ерлан Қарин алдағы мәжіліс сайлауының 10 ерекшелігін атады
Жарияланған күні:
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин алдағы мәжіліс сайлауының басты 10 ерекшелігін атады. Бұл туралы ол өзінің Telegram-дағы ресми парақшасында жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ерлан Қарин тізіп шыққан алдағы мәжіліс сайлауының басты 10 ерекшелігі:
- 2004 жылдан кейін алғаш рет мәжіліске депутаттар бір мандатты округтер арқылы сайланады (98 депутаттың 29-ы);
- Үміткерлерге партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар атынан ғана емес, өзін өзі ұсынуға мүмкіндік туды;
- Бұл кезектен тыс сайлау болғанымен, оның өтетін мерзімі жарты жыл бұрын белгілі болды;
- Партиялардың парламентке өтуі үшін белгіленген төменгі шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді;
- Әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдар үшін қарастырылған 30 пайыздық квота партиялық тізім мен мандаттардың бөлінісі кезінде сақталады;
- Мәжілістің жаңа құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайды;
- Алғаш рет мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында "бәріне қарсымын" деген баған сайлау бюллетендеріне енгізіледі;
- Сайлауға 7 саяси партия қатысуға құқылы. Оның екеуі партиялар туралы заңның жаңа нормалары күшіне енгеннен кейін тіркелді;
- Облыстардағы аймақтық сайлау комиссиялары енді кәсіби түрде жұмыс істейді;
- Сайлаушылар бес бюллетень бойынша дауыс береді (республикалық маңызы бар қалалардағы бюллетень саны төртеу).
Айта кетейік, елімізде мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау биыл 19 наурызда өтеді.
Орталқ сайлау комиссиясының мәліметінше, Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына енгізілген жаңа нормаларға сәйкес парламент мәжілісінің депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады. Яғни, мәжілістегі 98 депутаттың 69-ы біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, 29-ы бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады.
Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарына барлық депутат 50 пайыз мажоритарлық жүйе бойынша, 50 пайыз партиялық тізімдер бойынша сайланады.
Ал аудандар мен қалалардың мәслихаттары толықтай мажоритарлық жүйе бойынша сайланатын болады.
Тұтастай алғанда, алдағы сайлауда 223 мәслихаттың 3145 депутаты сайлануы тиіс.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2006231-erlan-qarin-aldagy-mazilis-sailauynyn-10-erekseligin-atady/