Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Президент: Біздің елімізге заң үстемдігі және азаматтық тәртіп аса қажет

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: facebook.com / Берік Уәли

Сенатта сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда саяси көзқарасы әртүрлі партиялар болғанымен, бәріне ортақ құндылықтар бар. Сондай-ақ мемлекет басшысы елде заң үстемдігін орнату қажеттігін баса айтты, деп хабарлайды Ақорда Telegram арнасында.

"Плюрализм мемлекетті эволюциялық жолмен дамытуға мүмкіндік береді. Бізде саяси көзқарасы әртүрлі партиялар бар. Кандидаттардың түрлі мәселе бойынша ұстанымдарының бірдей болмауы да заңды құбылыс. Бірақ, көзқарастары мүлде қабыспайтын ымырасыз қарсыластардың өзіне ортақ құндылықтар бар. Ол – біздің қасиетті Отанымыз және қастерлі Тәуелсіздігіміз.

Мен бұл туралы "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаламда айттым. Өйткені, Тәуелсіздік үшін күрес күнделікті еңбекпен және елдік саясатпен тығыз байланысып жатыр. Болашақтың алдында бәріміз бірдей жауап береміз. Кейінгі ұрпақ кімнің саяси ұстанымы қандай болғанына мән береді.

Аға буынның оларға қандай мемлекетті мирас еткеніне қарап, бүгінгі күнін бағалайтын болады. Сондықтан, біз ортақ мақсат жолында бірігуіміз керек", - деді Тоқаев.

Осы ретте мемлекет басшысы заңды сыйлайтын елдің ұпайы қашанда түгел екенін баса айтты.

"Кез-келген саяси мүддеге қарағанда мемлекетшілдік қасиет әлдеқайда биік тұруға тиіс. Қоғамға, ең алдымен, әрбір сөзіне және ісіне жауапкершілікпен қарайтын саясаткерлер қажет. Сонда азаматтардың елдік саясатқа деген сенімі артады. Ал, сенім – бұл аса маңызды құндылық.

Біздің елімізге заң үстемдігі және азаматтық тәртіп аса қажет. Бауыржан Момышұлы "Тәртіпке бағынған құл болмайды" деп айтқан. Заңды сыйлайтын елдің қашанда ұпайы түгел", - деді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2006835-prezident-bizdin-elimizge-zan-ustemdigi-zane-azamattyq-tartip-asa-qazet/

pixel