Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Есілдің жағасына дұрыс көңіл бөлінбей отыр

Опубликовано:

Тоқаев
Астананы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысы. Фото: Telegram/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында қала билігіне Астананы дамыту тұжырымдамасын қайта қарауды тапсырды. Мемлекет басшысы қаланы тұрғындарға барынша қолайлы етуге қатысты өз ойын айтты. Бұл туралы Ақорданың ресми Telegram арнасы хабарлады.

Президенттің сөзінше, Астана тұрмысқа жайлы шаһар болуы керек.

"Ең алдымен, қаланы дамыту тұжырымдамасын қайта қараған жөн. Қазір Астанада саябақтар жетіспейді. Тұрғындар серуенге шығатын, демалатын орындар аз.

Бірақ қала әкімдігі мұны ескермей, құрылысқа рұқсат береді. Бос тұрған жерге бірден тұрғын үй салынады. Саябақтарды, жаяу адамға арналған көшелерді көбейту қажет. Қаланы жоспарлаған кезде мұның бәрін алдын-ала ойластыру керек.

Қазір Есілдің жағасына дұрыс көңіл бөлінбей отыр. Мысалы, көрші елдегі Қазан қаласының тәжірибесін зерттеп көруге болады. Бұл қаланың көшелері, саябақтары және жағалау алаңдары өте әдемі және тартымды. Біздің мақсатымыз – Елордамызды жылдың кез келген мезгілінде халқымызға және шетел адамдарына барынша қолайлы ету, Астананың келбетін мейлінше жақсарту", - дейді президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жаяу жүргіншілерге арналған көпір, көлік жүрмейтін көшелердің қажеттігі туралы баса айтты.

"Өзенге жаяу адам жүретін көпірлер салу керек. Мұндай өткел, әсіресе, қазір салынып жатқан Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің маңайына қажет. Көлік жүруге болмайтын көшелер жөнінде талай рет айтылды. Бірақ қалада ондай бір де бір көше салынған жоқ.

Жалпы, әлемдік тәжірибеде дәл осындай көшелер көптеп салынады. Бұл мәселені мұқият ойластыру керек. Білікті мамандарды тартып, оңтайлы шешім қабылдауға болады. Мысалы, бізде ЭКСПО аумағы бар. Бір қарағанда, өте әдемі жер. Бірақ қаңырап бос жатыр", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, ол аумаққа жан бітіріп, жұрт жаппай демалатын орынға айналдыруға болады.

"Қоғамдық кеңістікті дамытудың бірыңғай тұжырымдамасын қабылдаған жөн. Нысандарды жобалау және салу кезінде осы тұжырымдамаға сүйену қажеттігі заңды түрде бекітілуге тиіс"- дейді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2007491-toqaev-esildin-zagasyna-durys-konil-bolinbei-otyr/

pixel