Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Астанада әлемнің ең үздік сәулет үлгілері қолданылуы керек

Опубликовано:

Елорда
Көрнекі сурет: pixabay.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі жиында Астананың келбетін сақтап қалу қажет екенін айтты. Бұл туралы Ақорда Telegram арнасында хабарлады.

"Біз қаланың келбетін сақтап қалуымыз керек. Астанада әлемнің ең үздік сәулет үлгілері қолданылуы керек. Бұған дейін қаланың бірыңғай дизайн-коды әзірленді. Бірақ бұл құжат қағаз жүзінде ғана қалды.

Салынып жатқан кейбір ғимараттар бір-бірімен мүлде үйлеспейді. Қаланың оңтүстік-шығыс ауданында сыртқы сипаты сын көтермейтін, бей-берекет салынған нысандар көп.

"Артем" және "Тұлпар" сауда орталықтарының маңын да ретке келтіру керек. Әкімдік нақты шаралар қабылдауға тиіс", - деді президент.

Сонымен қатар мемлекет басшысы елорданың келбетін бұзып тұрған жарнамалар өте көп екенін атап өтті.

"Тағы бір мәселе бар. Қаланың келбетін бұзып тұрған ала-құла жарнамалар өте көп. Оның бәрі талапқа сай болуы керек. Сондай-ақ қалада орынсыз құрылыс жұмыстары көбейіп кетті, яғни үйлердің арасына ғимарат салына беретін болды. Бұл әсіресе, "Мыңжылдық" аллеясында, Сарайшық, Сығанақ, Тұран, Бейсеков көшелерінде қатты байқалады.

Тұрғындарға әлеуметтік нысан, саябақ немесе ойын алаңы салынады деп уәде беріледі. Алайда, ол жерде иін тірескен ғимараттар пайда болады. Мысалы, "Олимп палас-2" тұрғын-үйінің ауласындағы ойын алаңының орнына зәулім кеңсе салынған.

Мұндай құрылысты біржола доғару керек. Әйтпесе, шешім қабылдаған тиісті лауазым иелері жемқорлыққа байланысты жауапқа тартылады. Себебі осындай шешімдердің астарында құрылыс компанияларының әкімдікте жұмыс істейтін адамдармен бірге азаматтарымыздың ықыласына қарсы қабылдаған әрекеттері жатыр", - деді Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2007492-toqaev-astanada-alemnin-en-uzdik-saulet-ulgileri-qoldanyluy-kerek/

pixel