Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"5 жылда елордамыз жасыл шаһарға айналуы керек": Тоқаев қала әкімдігіне тапсырма берді

Опубликовано:

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы көгалдандыру жұмысы, қала тазалығы туралы пікір білдірді. Президент қала әкімдігі мен Ақмола облысы басшылығына осы мәселеге қатысты бірқатар тапсырма берді. Бұл туралы Ақорданың ресми Telegram арнасы хабарлады.

"Қазір Астананы жасыл қала деп айта алмаймыз. Бізде қаланы көгалдандыру ісінің біртұтас тұжырымдамасы да жоқ. Әр әкімдік өз білгенімен әрекет жасайды. Шаһардағы жасыл-желектің саны мен сапасы туралы нақты мәлімет жоқ. Яғни, жүйелі жұмыс жүргізілмейді.

"Астана-көгалдандыру құрылысына" қарасты тәлімбақтың мүмкіндігі толық қолданылмай отыр. Дұрыс күтім болмаған соң, қала аумағындағы көшеттер қурап жатыр. Көгалдандыру кезінде отырғызылатын жасыл-желектің 10 пайызы ғана – көпжылдық өсімдіктер. Бір маусымдық гүлдерге жыл сайын шығындану – қаржыны желге шашу деген сөз.

Әкімдікке 3 жылдың ішінде көпжылдық өсімдіктердің үлесін кемінде 50 пайызға жеткізуді тапсырамын. Сіздерге нақты міндет қоямын: алдағы 5 жылда елордамыз жасыл шаһарға айналуы керек. Қала аумағында және оның маңайында 50 жерге заңсыз қоқыс төгілген. Бұл жерлер әлі күнге дейін тазаланбай жатыр. Астана қаласының және Ақмола облысының әкімдігіне Экология министрлігімен бірлесіп, бұл мәселені дереу шешуді тапсырамын", - дейді президент.

Одан бөлек, мемлекет басшысы тағы бір маңызды мәселе - қала тұрғындарының тұрмыстық мәдениеті туралы сөз қозғады.

"Астананың тазалығы, ең алдымен, оның тұрғындарына байланысты. Зәулім үйлердің ішіндегі және сыртындағы жағдай мәз емес. Шындығын айтсақ, тұрғындар тұрмыстық тәртіпті жиі бұзады, қоқысты қалай болса солай лақтыра береді. Жастар көшеде жүргенде мәдениетсіз қылықтарға жол береді. Сондықтан, мен мына мәселеге арнайы назар аударғым келеді.

Елордамызды және басқа негізгі қалаларымызды дұрыс қалпында сақтау бұл – ұлттық намысымызға қатысты аса маңызды мәселе. Көшпенділердің ұрпақтары өз қалаларын жөнді сақтай алмайды деген жағымсыз пікірді мүлдем жоққа шығаруымыз керек", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2007501-5-zylda-elordamyz-zasyl-saharga-ainaluy-kerek-toqaev-qala-akimdigine-tapsyrma-berdi/

pixel