Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Президент: Мектеп салуға қалталы азаматтар да атсалысу керек

Опубликовано:

Мектеп
Мектеп. Фото: pexels.com

Мемлекет басшысы Астанадағы балабақша мен мектептегі орын тапшылығы мәселесін көтеріп, оны шешуде қалталы азаматтар да үлес қосу керектігін айтты. Бұл туралы Ақорда Telegram арнасында хабарлады.

"Қаламыз дарынды және зиялы азаматтар шоғырланған орталыққа айналуға тиіс. Бірақ бұған кедергі болып отырған жайттар бар. Соның бірі – балабақшадағы және мектептегі орын тапшылығы. Қазір Астанада балабақша кезегінде 45 мың бала тұр.

Кезінде осы мәселе арнайы мемлекеттік тапсырыс арқылы шешілуі керек еді. Бірақ жекеменшік балабақшаларға қаржы бөлінсе де, ахуал түзелмей отыр. Әрине, олардың қызмет сапасына қатысты талап болуға тиіс. Дегенмен орынсыз тексеру жасап, жекеменшік балабақшалардың жұмысына кедергі келтірмеу керек", – деді президент.

Мемлекет басшысы қалада кейбір мектептер әлі күнге дейін үш ауысыммен оқытатынын да айтты.

"Астанада білім ошақтарының құрылысы баяу жүріп жатыр. Былтыр небәрі 3 мектеп салынды. 8 мектеп дер кезінде пайдалануға берілмеді. Соның кесірінен бала саны артық және үш ауысыммен оқытатын мектептер көбейді.

Кей сыныптарда 30-дан астам бала оқиды. Бұл, әрине, білім сапасына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы мектептерде орын жетіспейді", – деді президент.

Мемлекет басшысы әкімдік Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп жоғарыда аталған мәселенің бәрін шешуге баса мән беру қажеттігін ескертті.

"Жалпы, мектеп салу мәселесі бұл – стратегиялық міндет. Оны орындау үшін мемлекет қана емес, қалталы азаматтар да белсене атсалысуы керек. Мен бұл мәселені осыған дейін де талай рет айттым. Бірақ ниеті бар азаматтарды және нақты іс-әрекетті әзірге көріп отырған жоқпыз. Жалпы, жеке қаржыға мектеп салудың жолдарын ойластырған жөн", – деді мемлекет басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2007506-prezident-mektep-saluga-qaltaly-azamattar-da-atsalysu-kerek/

pixel