Тоқаев үкіметке жер сілкінісінен зардап шеккен Түркияға 1 млн доллар бөлуді тапсырды
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркия республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды, деп хабарлайды Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында.
"Мемлекет басшысы үкіметке жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркия республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды.
Сонымен қатар Қазақстанның өкілетті органдары түрік тарапымен бірлесіп, зілзаланың зардабын жою үшін қосымша көмек көрсету мәселесін қарастырып жатыр", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, соңғы мәліметтер бойынша Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі салдарынан құрбан болғандар саны 7144-ге дейін өскен.
Еске сала кетсек, 6 ақпан күні Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы 7,7 болатын жойқын жер сілкінісі болды. Жер сілкінісі көршілер елдерде де оның ішінде Сирияда да сезілді.
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның айтуынша, бұл - елдегі 1939 жылдан бергі ең үлкен зілзала.
Табиғи апатқа байланысты елде жеті күндік аза тұту күні жарияланды.
Сондай-ақ апаттан зардап шеккен 10 провинцияда үш айға төтенше жағдай режимі енгізілді.
Айта кетейік, қазіргі таңда мемлекет басшысының тапсырмасымен төтенше жағдайдан зардап шеккен аймақтарға барған қазақстандық медицина қызметкерлері мен құтқарушылар Түркиядағы жер сілкінісінің салдарымен күресуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2008496-toqaev-ukimetke-zer-silkinisinen-zardap-sekken-turkiyaga-1-mln-dollar-boludi-tapsyrdy/