Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Энтони Блинкен желіде Қазақстанда түскен суреттерін бөлісті (фото)

Опубликовано:

Энтони Блинкен Қазақстанда
Энтони Блинкен Қазақстанда. Фото: Тwitter.com/SecBlinken

Елімізге ресми сапармен келген АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Twitter-дегі ресми парақшасында Қазақстанда түскен суреттерді бөлісіп, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігіне жұмысы үшін алғыс айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Екіжақты қарым-қатынас пен Қазақстанның реформалар бағдарламасын қолдайтын ведомствоаралық командаға алғысымды айтамын. АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы - екі ел мен халықтар арасындағы байланысты нығайтуға күн сайын септігін тигізіп отыр", – деп жазды Блинкен желіде.

Сондай-ақ еліміздің Сыртқы істер министрлігінің Telegram-дағы ресми арнасында АҚШ мемлекеттік хатшысының Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездескен сәтінен суреттер пайда болды.

Америкалық саясаткер келіссөздер жүргізу үшін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне келген.

Қазақстандағы АҚШ елшілігінің ресми сайтының хабарлауынша, Қазақстанға сапары барысында Энтони Блинкен Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде де болған.

Мемлекеттік хатшыны Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, халық әртісі, профессор Айман Мұсаходжаева қарсы алып, қазақ музыкасына қызығушылық танытқаны және іс-сапар кезінде қарбалас жоспарға қарамастан, университетке уақыт тауып келгені үшін алғыс айтқан.

Өз кезегінде мемлекеттік хатшы қазақ халқының мәдениетінде маңызды орын алатын дәстүрлі музыкалық аспаптар туралы біліп, олардың ерекше үнін тыңдаған.

Еске салайық, бүгін түнде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің ұшағы Астанаға қонды.

Бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Блинкеннің Астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен келіссөздер жүргізетінін хабарлаған болатын.

Сондай-ақ бүгін Астанада АҚШ мемлекеттік хатшысының және Орталық Азия елдерінің сыртқы саяси мекемелері басшыларының қатысуымен С5+1 форматындағы кездесу өтеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2011149-entoni-blinken-zelide-qazaqstannan-suretter-zariyalady-foto/

pixel