Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"3 жылда ғылыми жұмыстарды қаржыландыру 3,5 есеге артады": Саясат Нұрбек президентке есеп берді

Опубликовано:

Саясат Нұрбек мемлекет басшысының қабылдауында
Саясат Нұрбек мемлекет басшысының қабылдауында. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

Кездесуде ведомство басшысы президентке Қонаев қаласында академиялық қалашық салу жұмыстары басталғаны туралы баяндаған.

Сонымен қатар министр Қасым-Жомарт Тоқаевқа былтыр халықаралық университеттердің үш өкілдігі ашылғаны және биыл бес жаңа филиал ашылатыны жөнінде мәлімет берген.

Бұдан бөлек, Саясат Нұрбек 2023-2029 жылдарға арналған Жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасының жобасын ұсынған. Құжатта аталған саланы дамытудың барлық стратегиялық міндеті мен көрсеткіші қамтылған.

Сондай-ақ министр мемлекет басшысына ғылыми қызметкерлердің жалақысы 2 есе өскені және іргелі зерттеу жұмыстарымен айналысатын ҒЗИ-ды тікелей қаржыландыру мәселесі жөнінде баяндаған. Оның сөзінше, алдағы 3 жылда ғылыми жұмыстарды қаржыландыру 3,5 есеге артады.

Саясат Нұрбек министрлік студенттер мен магистранттардың стипендиясын кезең-кезеңмен өсіруді және студенттер жатақханаларында 7 жыл бойы жыл сайын жаңадан 10 000 орын ашуды жоспарлап отырғанын да жеткізген.

Министрдің айтуынша, 15 өңірлік және 5 педагогикалық ЖОО базасында ғылымды әкімшілендірудің жаңа моделін енгізу және академиялық басымдық орталықтарын құру мәселесі пысықталып жатыр.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары білім алуға қолжетімділікті арттырудың және университет инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын атап өткен. Сондай-ақ жуық арада ғылымды әкімшілендірудің жаңа моделіне көшу қажеттігін айтқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2011517-sayasat-nurbek-prezidentke-qonaev-qalasynda-akademiyalyq-qalasyq-salu-zumystary-bastalgany-turaly-bayandady/

pixel