Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Даниал Ахметовке ШҚО халқының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев және Даниал Ахметов
Қасым-Жомарт Тоқаев және Даниал Ахметов. Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

ШҚО әкімі президентке аймақтың 2022 жылғы негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде есеп беріп, алдағы жылдарға арналған жоспарын баяндаған.

Даниал Ахметовтің айтуынша, былтыр Шығыс Қазақстан облысында жалпы құны 2194,2 миллиард теңге болатын өнеркәсіп өнімі өндірілген. Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі – 545,4 миллиард теңге. Өткен жылы облыста 318,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Сондай-ақ Даниал Ахметов президентке 2022-2028 жылдарға арналған Бірыңғай индустрияландыру картасына Шығыс Қазақстан облысы жалпы құны 376 миллиард теңгені құрайтын 12 жоба ұсынғаны жөнінде мәлімет берген. Соның ішінде Ұлан ауданында тау-кен байыту фабрикасының құрылысын бастау, Алтай ауданында Алтай тау-кен байыту кешенінің өндірістік алаңын кеңейту жобалары бар.

Сонымен қатар өңір басшысы аймақтағы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға да айрықша көңіл бөлінетінін жеткізген. Оның сөзінше, облыста майлы дақылдардың егістік ауданы ұлғайып, өсімдік майын өндеу көлемі 1,8 есе артқан. Глубокое ауданында жылына 300 мың тонна өсімдік майын өндіретін зауыт іске қосылған.

Былтыр облыстағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 12,5 пайызға артып, 61,5 мыңға жеткен. Биыл Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 1800 кәсіпкерге қолдау көрсетілген.

Бұдан бөлек ШҚО әкімі президентке облыстағы денсаулық сақтау және білім беру нысандары құрылысының барысы туралы баяндаған.

Даниал Ахметовтің айтуынша, қазіргі кезде Өскемен қаласында гематология орталығы, Риддер қаласында көпбейінді аурухана салынып жатыр. "Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту" жобасы аясында Ұлан ауданында бір ауысымда 140 пациент қабылдай алатын емхана, ауылдық елдімекендерде 20 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Ал "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы бойынша өңірде биыл 11 мектеп пайдалануға берілмек.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Даниал Ахметовке облыстағы ірі елдімекендердің коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртуға және өңір халқының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2012722-toqaev-danial-axmetovke-sqo-xalqynyn-turmys-sapasyn-arttyruga-bagyttalgan-birqatar-tapsyrma-berdi/

pixel