Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Түркі мемлекеттеріне ТЖ мекемелерінің бірлескен күшін жасақтауды ұсынды

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының "Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек" атты кезектен тыс саммитінде сөз сөйлейді
Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммиті. Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының "Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек" атты кезектен тыс саммитінде Төтенше жағдайлар мекемелерінің бірлескен күшін жасақтауды ұсынды. Бұл туралы Ақорда Telegram арнасында хабарлады.

"Бүгінгі басқосудың "Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек" деген тақырыпта өтуі бекер емес. Қазір жер жүзінде табиғи және техногендік апаттар көбейіп жатыр. Бұл жағдай өте өзекті халықаралық мәселенің біріне айналды.

Осындай күрделі кезеңде Қазақстан гуманитарлық шаралардан шет қалған емес. Еліміз табиғи апаттан зардап шеккен елдерге үнемі қолдау көрсетеді.

Біз қаржылай және тауар түрінде гуманитарлық көмек берумен ғана шектеліп қалмаймыз. Бұдан бөлек, құтқарушыларды жіберіп, апат салдарын жоюға белсене атсалысамыз.

Жалпы, түркі елдері төтенше жағдай кезінде тиімді әрекет ете білуі керек. Сондай-ақ, Ұйым хатшылығы және мүше мемлекеттер арасындағы байланыстарды нығайта түсу қажет.

Бірінші. Біз табиғи апаттың алдын-алу үшін күш жұмылдыруымыз керек. Түркиядағы зілзала қауіп-қатерге қашанда дайын болу қажеттігін көрсетті. Сондықтан, ұйым аясында Төтенше жағдайлар мекемелерінің бірлескен күшін жасақтауды ұсынамын. Оны Алматыдағы Төтенше жағдайлар және алапат жер сілкіністерінің қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықтың негізінде ашуға болады.

Бұл орталықты 2016 жылы Қазақстан және Қырғызстан үкіметтері құрған. Бірлескен күшке Ұйымның Азаматтық қорғаныс хатшылығы мәртебесін берген жөн деп санаймын. Ол апаттан зардап шеккен елдерге көмек көрсету жұмыстарын үйлестіретін болады. Осы құрылым аясында халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Екінші. Түркияда болған жер сілкінісі табиғи апаттың алдын алу және оның салдарын жою үшін өзара іс-қимылды үйлестіру қажеттігін көрсетті. Бұл туралы "Түркі әлемінің келешегі – 2040" құжатында нақты айтылған.

Сондықтан, іздестіру және құтқару қызметтерінің дайындығын күшейтуіміз қажет. Осы мақсатта елдеріміздегі Төтенше жағдай мекемелерінің күштері мен техникалық құрал-жабдықтарының тізімін әзірлеуді ұсынамын.

Бұл шара қиын-қыстау сәтте шұғыл әрекет етіп, апаттың салдарын жою үшін іс-қимылды үйлестіруге мүмкіндік бермек.

Үшінші. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін ақпарат бөлісіп, құтқарушылардың тәжірибе алмасуы өте маңызды.

Биыл күзде Қазақстанда "Қазқұтқару" халықаралық оқу-жаттығу жиындары өтеді. Ұйымға мүше елдердің құтқару қызметтерін аталған іс-шараға қатысуға шақырамын. Сол кезде осы салаға жауапты мекеме басшыларының алғашқы басқосуын өткізуге болады.

Қазір геосаяси жағдай күрделі екенін білесіздер. Әлемдегі экономикалық ахуал да мәз емес. Осындай қиын кезеңде Түркі әлемі өзара ынтымақтастығын нығайта түсті. Бұл – өте дұрыс қадам.

Біздің ұйым сол арқылы халықаралық деңгейде өзіндік орны бар екенін көрсетті. Елдеріміз саяси, экономикалық және мәдени ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруі қажет. Бұл – Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттың бірі.

Биыл қазан айында киелі Түркістанда Ұйымның оныншы мерейтойлық саммиті өтеді. Сіздерді осы алқалы жиынға қатысуға шақырамын.

Бұдан бөлек, күзде ұйымға төрағалық ету міндеті Қазақстанға жүктеледі. Сол кезде бірқатар маңызды іс-шара ұйымдастырылатын болады", - деді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2013211-toqaev-turki-memleketterine-tz-mekemelerinin-birlesken-kusin-zasaqtaudy-usyndy/