Тоқаев пен Катар әмірі бір-бірін қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Катар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында.
Қазақстан президентінің баспаөз қызметінің хабарлауынша, екі елдің басшылары бір-бірін қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, Қазақстан мен Катар халықтарына бақ-береке тілеген.
Сонымен қатар әңгімелесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективалары талқыланған.
Сондай-ақ Катар әмірінің былтыр қазан айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді жүзеге асыру мәселесіне ерекше назар аударылған.
Тараптар екі ел арасындағы өзара сауда-саттық қарқынын сақтауға және қаржы саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыруға ниетті екенін растаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2013844-toqaev-pen-katar-amiri-bir-birin-qasietti-ramazan-aiynyn-bastaluymen-quttyqtady/