Биыл елімізде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді
Жарияланған күні:
2023 жылы Қазақстанда аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған парламенттің бірінші сессиясының ашылуында айтты, деп хабарлайды Ақорда Telegram арнасында.
"Небәрі бір жылда мұндай ауқымды жұмысты іске асыру – нағыз жасампаз жұрттың ғана қолынан келетін шаруа. Біз Отанымызды өркендету жолында зор бетбұрыс жасап, жаңа дәуірге қадам бастық. Бірақ, өзгерістер мұнымен бітпейді. Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Бұл – аса маңызды жұмыс.
Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді.
Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз.
Бәріміз мына бір өте маңызды нәрсені түсінуіміз керек. Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Кейбір адамдар, солардың ішінде саясаткерлер де бар, осындай реформалар Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін деп айтады. Бірақ, мен осы өзгерістердің барлығы, ең алдымен, ел болашағы үшін ауадай қажет деп ойлаймын.
Алған бетімізден қайтуға болмайды. Керісінше, заң үстемдігі, халық бірлігі, әлеуметтік әділдік және ішкі саяси тұрақтылық секілді іргелі құндылықтарға баса мән бере отырып, реформалар жолымен алға қарай нық қадам басуымыз керек", - деді Қазақстан президенті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2014485-biyl-elimizde-audan-zane-oblystyq-manyzy-bar-qala-akimderin-tikelei-sailau-otedi/