Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі": президент кәсіпкерлерге үндеу жасады

Опубликовано:

Мемлекет басшысы11
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған парламенттің бірінші сессиясының ашылуында кәсіпкерлерге үндеу жасады, деп хабарлайды Ақорда Telegram арнасында.

"Осы ретте шағын және орта кәсіпкерлік экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Бұл жөнінде көп айтылды. Бірақ аталған бағытта айтарлықтай ілгерілеу болған жоқ. Демек, экономикалық саясатқа өзгеріс енгізу қажет.

Шағын және орта бизнесті толыққанды қолдау үшін кешенді шаралар қабылдау керек. Олар елімізді дамытуда маңызды рөл атқаратынын толық сезінуге тиіс. Бізге Қазақстан экономикасын дамыту жолында өзіне жауапкершілік ала алатын кәсіпкерлердің "жаңа толқыны" қажет. Оның бел ортасында әкімшілік ресурстарға иек артпай, кәсіпкерлік таланты мен еңбекқорлығының арқасында кәсібін табысты жүргізе алған бизнесмендер болуға тиіс.

Ондай адамдар әр аймақта бар. Оларға елімізде өз бизнесін дамытуға мүмкіндік беру және нақты көмек көрсету маңызды. Қазақстанның қазіргі экономикалық моделі, ең алдымен, шикізат секторына инвестиция тартуға негізделеді. Сондықтан ұлттық буржуазияның негізін құрайтын орта бизнес жүйесіз дамып жатыр. Тек жекелеген аймақтарда ғана оң қарқын байқалады.

Жалпы, Үкіметке экономиканың негізгі салаларына қомақты инвестиция, соның ішінде шетелдік инвесторларды тарту міндеті жүктеледі.

Олар орта бизнестің дамуына тың серпін беруге тиіс. Бұл мәселені созбалаңға салуға болмайды", - деді президент.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пандемиясы кәсіпкерлерге оңай болмағанын жеткізді.

"Елді жайлаған індет және оның салдары кәсіпкерлерге оңай тимегені анық. Былтырдан бері саяси жүйені жаңғыртуға баса мән бердік. Енді экономикадағы нақты мәселелермен айналысатын кез келді. Бұл жұмысты мықтап қолға алу керек.

Біздің басты міндетіміздің бірі – жеке меншікті қорғау және нарықтың бәсекелі болуын қамтамасыз ету. Сол үшін сот және құқық қорғау жүйесіндегі реформаларды жалғастыру қажет.

Мен еліміздің кәсіпкерлеріне үндеу жасағым келеді. Қазақстан – бәріміздің ортақ мекеніміз.

Ендеше, қастерлі Отанымызды бірге өркендетейік, болашағымызды бірге құрайық.

Мен Президент ретінде Сіздерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетініне кепілдік беремін.

Біз шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетін арттыру мәселесіне баса мән береміз. Осы орайда, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет", - деді ол.

Мемлекет басшысының сөзінше, мемлекеттік қолдауға ие болатын жобаларды іріктеу ашық өтуге тиіс.

"Жобаның нақты әлеуметтік-экономикалық тиімділігін ескеру қажет.

Осы орайда, Үкіметке депутаттармен бірлесіп, орта бизнесті дамытудың тың тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын. Өйткені, орта бизнес ел экономикасын дамыту ісінде басты рөл атқарады. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2014489-memleket-tarapynan-qoldau-korsetiledi-prezident-kasipkerlerge-undeu-zasady/

pixel