Тоқаев Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринді қабылдады
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринді қабылдады, деп жазады Ақорданың ресми Telegram-арнасы.
Жұманғарин президентке еліміздің сауда саласының былтырғы даму қорытындысы, үкіметтің бағаны тұрақтандыру және қазақстандықтарды отандық азық-түлікпен толық қамтамасыз ету жөніндегі шаралары туралы баяндады, сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты ұсыныс айтты.
Серік Жұманғарин баяндамасында президентке төмендегілерді баяндады:
- 2022 жылы Қазақстандағы тауар айналымының жалпы көлемі – 134,4 миллиард долларға жеткен. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 32,1 пайызға көп;
- қызмет көрсету саудасы 26,3 пайызға өсіп, 12,3 миллиард долларды құрады. Қазақстанның барлық негізгі сауда серіктесімен өзара тауар айналымында өсім байқалады;
- өңделген өнімдер экспорты 26,5 миллиард долларды құрап, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті. Терең өңделген экспорт тауарларының тізімі кеңейіп, отандық тауарлар жаңа экспорт нарықтарына шықты;
- Қазақстан тұрғындардың қажеттілігін 19 өнім түрінің 10-ы бойынша толық, 6 өнім түрімен 80-98 пайыз және тағы үш өнім бойынша 50-ден 68 пайызға дейін қамтамасыз етеді;
- импортқа тәуелділікті барынша азайту үшін алдағы уақытта өңірлерде іске асырылатын ірі агрожобалардың топтамасы жасақталады.
Кездесу соңында мемлекет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және ауыл шаруашылығын дамыту, қосымша құны жоғары қазақстандық тауарларды экспортқа белсенді түрде шығару жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2016680-toqaev-sauda-zane-integraciya-ministri-serik-zumangarindi-qabyldady/