Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан мен Тәжікстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Опубликовано:

Қазақстан мен Тәжікстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді
Қазақстан мен Тәжікстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Фото: t.me/aqorda_resmi

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан президенті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында.

Кеңейтілген құрамдағы келіссөзде екі елдің басшылары сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде өзара тауар айналымын арттыруға, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және цифрландыру салаларындағы қатынастарды дамытуға баса мән берген.

"Қазақстанда тәжік халқына ерекше құрметпен қарайды, сондай-ақ достық, бауырластық және өзара қолдау рухындағы ынтымақтастығымызды нығайтуға айрықша мән береді. Сондықтан бұл сапар өте маңызды. Жаңа ғана сіздің сапарыңызды тарихи сапар деп атап өттік. Өйткені ол елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарады.

Екі ел арасында Одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияға қол қойылады. Бізді алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Себебі одақтастық қарым-қатынас аясында жаңа стратегиялық жобалар жүзеге асырылады. Біз жаңа ғана екі немесе үш ірі стратегиялық жоба әзірлеу қажет екенін айттық. Екі ел үкіметтеріне осы міндетті жүзеге асыру жөнінде тапсырма бердік. Жақын арада екіжақты қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріледі деп ойлаймын", - дейді Қазақстан президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, мемлекеттер арасында барлық деңгейде сенімді саяси диалог жолға қойылған.

"Біз Орталық Азияның тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, бірнеше халықаралық құрылым аясында өзара іс-әрекет жүргіземіз. Екі ел арасында түрлі сала бойынша 100-ден аса келісімшарттан тұратын маңызды келісімшарттық-құқықтық база бар. Бүгін бұл тізім жаңа келісімдермен толығады. Ұзақ жылдардан бері Қазақстан-Тәжікстанның екінші ірі сауда серіктесі. Біздегі дерек бойынша тек былтырдың өзінде өзара сауда көлемі 1,4 миллиард долларға жетті", - дейді мемлекет басшысы.

Қазақстан мен Тәжікстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді
Қазақстан мен Тәжікстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Фото: t.me/aqorda_resmi

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, сондай-ақ Тауар айналымын арттыру жөніндегі жұмыс тобы екіжақты қатынастарды ілгерілетуге елеулі үлес қосып келеді.

"Олардың жұмысына Қазақ-тәжік іскерлік кеңесі де атсалысады. Тауар айналымын арттыру жөніндегі 2023-2024 жылдарға арналған жол картасын жүзеге асыру үшін белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселесіне де талқыладық. Бұл – ынтымақтастығымыздың маңызды бағыты.

Орта ғасырдағы әйгілі ғұлама, философ әрі шипагер Әбу Әли ибн Синаның ескерткішін ашу жоспарланып отыр. Осы жетістіктердің бәрі екі ел халықтарының ерекше ықыласына ие болады және өзара тығыз қарым-қатынасымыздың жарқын үлгісі саналады. Біз елімізде Тәжікстанның мәдениет күндерін өткізу жөнінде уағдаластық. Мәдениет күндері аясында Тәжікстанның ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері де таныстырылады. Мұны аса маңызды іс-шара деп санаймын", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Эмомали Рахмон Астанаға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны және қазақ халқының дәстүрлі қонақжайлығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тағы да алғыс айтты. Сондай-ақ ол шағын құрамдағы келіссөздің нәтижелі болғанын және бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды екенін атап өтті.

"Біз Қазақстанмен арадағы өзара тиімді ынтымақтастыққа баса мән береміз. Стратегиялық серіктестік қағидаттарына негізделген тәжік-қазақ қатынастарының барлық бағытын дәйекті түрде дамытуға ниеттіміз. Бүгін біз тарихи құжатты – Одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияны қабылдаймыз. Бұл құжат екіжақты байланыстардың іргетасын айтарлықтай нығайта түседі. Дипломатиялық қатынастар орнаған отыз жылда біз ынтымақтастықтың барлық саласында елеулі табысқа қол жеткіздік.

Жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалог бұл үдеріске ықпал ететіні сөзсіз. Осы уақыт аралығында мемлекетаралық ынтымақтастықтың қажетті тетіктері жасалды және ауқымды құқықтық база қалыптасты. Біз оны бүгін жаңа құжаттар топтамасымен толықтырамыз. Сауда-экономикалық байланыстар біздің қарым-қатынасымыздың маңызды бөлігі саналады. Қазақстан бірнеше жылдан бері Тәжікстанның сыртқы сауда құрылымында жетекші орынға ие", – дейді Тәжікстан президенті.

Сонымен қатар келіссөз барысында Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстанға ресми сапары барысында жыл сайынғы тауар айналымын алдағы уақытта 2 миллиард долларға жеткізу жөнінде уағдаласқанын еске салды.

"Бұл міндеттің жоспарлы түрде жүзеге асырылып келе жатқаны қуантады. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 1,5 миллиард долларға жетіп, 20 пайызға артты. Бүгінде Қазақстан Тәжікстанның сауда серіктестерінің арасында екінші орында тұр. Астанаға сапарымның қарсаңында біз экономикалық сипаттағы бірқатар іс-шара өткіздік. Үкіметаралық комиссия отырысының, Іскерлік кеңестің және тәжік-қазақ бизнес-форумының нәтижелері сауда-экономикалық байланыстарымызды қарқынды түрде ілгерілетуге ықпал етеді деп сенемін", - дейді Тәжікстан президенті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2019360-qazaqstan-men-tazikstan-prezidentteri-keneitilgen-quramda-kelissozder-zurgizdi/

pixel