Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Тәжікстан президентін "Алтын Қыран" орденімен марапаттады (фото)

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонды "Алтын Қыран" орденімен марапаттады
Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонды "Алтын Қыран" орденімен марапаттады. Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – "Алтын Қыран" орденімен марапаттады. Бұл туралы Ақорда ресми сайтында хабарлады.

Мемлекет басшысы Эмомали Рахмонға "Алтын Қыран" орденін Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан айрықша үлесі үшін табыс етті.

Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстанның бауырлас халықтары арасындағы достықты, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға Эмомали Рахмонның қосқан орасан зор үлесін атап өтті.

"Біз әрдайым барлық деңгейдегі тығыз және сенімді саяси диалогты қолдаймыз. Елдеріміз арасында берік шарттық-құқықтық база қалыптасты. Сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып, мәдени-гуманитарлық байланыстардың аясы ұдайы кеңейіп келеді.

Біз Орталық Азиядағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға үлес қоса отырып, аса маңызды халықаралық құрылымдар аясында өзара табысты әрекет етіп келеміз. Бүгінде мемлекетаралық байланыстарымыздың одақтастық қатынас деңгейіне көтерілгені қуантады.

Бұл сіздің екі ел арасында үлгілі қарым-қатынас қалыптастыруға ерекше атсалысқаныңыздың нәтижесінде мүмкін болды", – дейді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонды "Алтын Қыран" орденімен марапаттауда
Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонды "Алтын Қыран" орденімен марапаттауда. Фото: t.me/aqorda_resmi

Өз кезегінде Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевқа көрсеткен құрметі үшін алғысын айтты.

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мені "Алтын Қыран" орденімен марапаттау жөнінде шешім қабылдағаныңыз үшін сізге алғыс айтамын. Бұл награда, ең алдымен, бүкіл Тәжікстан халқының тәжік-қазақ қатынастарын, достығы мен ынтымақтастығын дамытуға және нығайтуға қосқан үлесі үшін берілген жоғары баға деп білемін. Бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестікті жан-жақты нығайтуға және кеңейтуге алдағы уақытта да бар күш-жігерімізді салатынымызға сенімдімін", - дейді Тәжікстан президенті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2019370-toqaev-tazikstan-prezidenti-altyn-qyran-ordenimen-marapattady-foto/

pixel