Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев 70 жасқа толды

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Бүгін, 17 мамыр - Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні. Мемлекет басшысы 70 жасқа толды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ақорданың ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, Қасым-Жомарт Тоқев 1953 жылы 17 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген.

1975 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын, 1992 жылы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген. КСРО-ның Қытай Халық Республикасындағы елшілігінде диплом алдындағы тағылымдамадан, ал 1983-1984 жылдар аралығында Бейжің лингвистика институтында тағылымдамадан өткен.

Әр жылдары КСРО Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеген. 1992 жылы Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары, 1993 жылы Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, 1994 жылы еліміздің Сыртқы істер министрі болып тағайындалған.

1999 жылғы наурызда Қазақстан премьер-министрінің орынбасары болса, 1999 жылғы қазаннан 2002 жылғы қаңтарға дейін еліміздің премьер-министрі қызметін атқарған.

2002 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі, 2003-2007 жылдары - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болды. Бұл қызметте Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық ядролық қару-жарақты таратпау үдерісіне белсенді атсалысты.

Ал 2007 жылғы қаңтарда парламент сенатының төрағасы болып, 2008 жылы Қазақстан парламентінің жоғары палатасының спикері ретінде ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының вице-президенті болып сайланды.

2013 жылғы 16 қазанда парламент сенатының төрағасы болып қайта сайланды.

2019 жылғы 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті ретінде өз өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеп, мемлекетті басқаруды уақытша Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. 2019 жылғы 20 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының президенті ретінде ант қабылдады.

2019 жылы 9 маусымда өткен кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96 пайыз дауыс жинап, Қазақстан Республикасының президенті болып сайланды. 2019 жылы 12 маусымда Конституцияның 42-бабына сәйкес ант беріп, ресми түрде сайланған президент ретінде мемлекет басшысының лауазымына кірісті.

2022 жылдың 20 қарашасында елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтіп, сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. 2022 жылы 26 қарашада Қазақстан Республикасы президентін салтанатты ұлықтау рәсімі өтті.

Айта кетейік, сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқав - Халықаралық қатынастар мәселелеріне арналған 10 кітаптың авторы.

Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасының және шет елдердің көптеген мемлекеттік наградаларымен, сондай-ақ медальдармен марапатталған.

Президент салауатты өмір салтын ұстанады. Көркем шығармаларды, саяси және мемуарлық бағыттағы әдебиеттерді оқығанды ұнатады.

Еске салайық, бұған дейін президенттің баспасөз қызметі туған күнді атап өтуге байланысты ешқандай іс-шаралар жоспарланбағанын хабарлаған еді.

Президенттің баспасөз хатшысының хабарлауынша, мемлекет басшысы туған күнін атап өткенді, оған қатысты іс-шараларды қолдамайды. Мемлекет басшысы 17 мамыр күнін әдеттегідей жұмыс кестесіне сай өткізеді.

Ал бүгін Си Цзиньпиннің шақыруымен Қытайға мемлекеттік сапармен барады. Ол жақта мемлекет басшысы 19 мамырға дейін болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2020869-bugin-qasym-zomart-toqaev-70-zasqa-toldy/

pixel